Жарыстың 8-ракеткасы болып тіркелген Елена Рыбакина доданы екінші айналымнан бастайды.
Бүгін отандасымыздың қарсыласы анықталды. WTA рейтингінде 90-орында тұрған америкалық Кэти Макнелли алғашқы айналымда әлемнің 53-ракеткасы, 37 жастағы германиялық Лаура Зигемундты қапы қалдырды – 6:4, 6:2. Осылайша, Макнелли екінші кездесуін Е.Рыбакинамен өткізеді.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 63-ракеткасы Юлия Путинцева бірінші айналымда турнирге арнайы шақырту алған қытайлық, рейтингіде 110-орындағы Юань Юэмен ойнайды. Оны жеңген жағдайда әлемнің екінші, осы жарыстың 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентекке тап келеді.
Өткен жылы Бейжіңде америкалық Кори Гауфф чемпион болған еді. Алайда ол турнирге Рыбакина қатысқан жоқ. Ал Путинцева екінші айналымнан ары аса алмаған болатын.
Биыл Е.Рыбакина сәтті өнер көрсетсе, рейтингідегі жағдайын жақсарта алады. Қазірдің өзінде ол WTA Live рейтингісінде 9-орынға көтеріліп тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің ATP турнирлеріндегі сегізінші титулын жеңіп алғанын жазған едік.
Сондай-ақ Дмитрий Попко АҚШ-тағы турнирде америкалық теннисшіден айласын асырды.