Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, Қырғыз Республикасы Жоғарғы Кеңеш төрағасы Нұрланбек Тұрғынбек уулу, Тәжікстан Республикасы Жоғарғы жиналысы Ұлттық кеңесінің төрағасы Рустами Эмомали, Өзбекстан Республикасы Олий Сенатының төрайымы Танзила Нарбаева, Түрікменстанның Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нуры Голлиев қатысып отыр.
Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Орталық Азия үшін қасиетті маңызы бар бұл кездесулер өтетін орындардың символдығын атап өтті. Сондай-ақ ол ІІІ форумды өткізу парламентаралық байланыстың нығаюын, сондай-ақ тарихқа тағзым етуді, бауырластық қарым-қатынасты және болашаққа ортақ ниетті білдіретінін атап өтті.
Сенат Төрағасы өңір парламенттері аталған бастамаларды жүзеге асыруды жеделдете алатын негізгі салаларға ерекше тоқталды.
— 2024 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Орталық Азияның ренессансы» атты мақаласында «алдағы онжылдық біздің өңіріміз үшін айқындаушы болатынын және бұл тарихи мүмкіндікті қаншалықты тиімді пайдаланатынымызды анықтау өз қолымызда» екенін атап өтті. Орталық Азия мемлекеттерінің парламентаралық форумы аясындағы бірлескен жұмысымыздың мақсаты да осы. Қазірдің өзінде белсенді жұмыс жүргізіліп жатқан және парламенттер бастамаларды жүзеге асыруды жеделдете алатын бірқатар негізгі бағыттарды атап өткім келеді. Ең алдымен, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту үшін заңнамалық базаны нығайту. Екінші маңызды бағыт – жасанды интеллект пен цифрландыруды енгізуді заңнамалық қамтамасыз ету. Өзбекстан парламенті ЖИ туралы заңды қарауды аяқтап жатқанын, ал Қырғызстанда цифрлық код қабылданғанын білеміз. Қазақстанда Цифрлық код әзірленіп жатыр, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Бұл тұрғыда заңдарымыздың алшақтап кетпеуі, керісінше, ұқсас қағидаттар мен тәсілдерді қолдануы маңызды, — деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.
Аймақтық ынтымақтастық контекстінде сондай-ақ экологиялық мәселелер, әсіресе парламенттік қолдауды қажет ететін су-энергетика саласындағы ынтымақтастық ерекше атап өтілді.
— Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Су мұнаралары серіктестігі бастамасын ұсынды. Оның мақсаты – мұздықтарды зерттеу және қорғау жөніндегі жаһандық ғылыми орталықтардың күш-жігерін біріктіру арқылы гляциология ғылымын қолдауды жүйелеу. Осыған байланысты Тәжікстан мен Францияның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясының криосфералық ғылымдар бойынша іс-қимыл онжылдығын ескере отырып, біз осы маңызды міндетті шешуде тығыз ынтымақтастыққа сеніп отырмыз. Қазіргі уақытта өңірде экологиялық күн тәртібін ілгерілету үшін маңызды шешімдер қабылданып жатыр. Осы тұрғыда су, энергетика және қоршаған ортаны қорғауды заңнамалық деңгейде синхрондау маңызды, — деді Мәулен Әшімбаев.
Іс-шараның күн тәртібін талқылау барысында қатысушылар тиімді парламентаралық байланыстар аймақтың дұрыс даму траекториясын құруға және оның болашағына тікелей әсер ететінін атап өтті. Бұдан басқа, олар парламентаралық ынтымақтастықты нығайту және қол жеткізілген барлық уағдаластықтарды тиімді жүзеге асыру үшін бірлесіп жұмыс істеуге бейілді екенін растады.
Еске сала кетсек, Орталық Азия мемлекеттерінің бірінші Парламентаралық форумы 2023 жылы Қазақстанда өтті. Онда Сенат спикері Орталық Азия елдерінің парламентаралық форумында Арал мәселесін көтерді.