Павлодар облысында өндірістің қоршаған ортаға әсерін азайту мен экологиялық ластанудың салдарын жою — ұзақ жылдан бері күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселе. Мысал үшін Екібастұздағы қос ГРЭС-те әлі күнге күлді тұтып қалатын сүзгілерді заманға сай жаңартуға мән берілмей отыр. Мәжілістегі Экология және табиғатты пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршинның айтуынша, Павлодар аймағындағы өндірістік шығарындылардың жартысына көбі энергетика саласына тиесілі. Алайда облыстағы алып энергетикалық нысандар экологиялық шараларға немқұрайлы қарайтыны байқалады.
— Бұған дейін еліміз бойынша ТОП-50 кәсіпорынға автоматты мониторинг жүйелері орнатылғаны мәлім. Мониторинг нәтижелері онлайн түрде жергілікті экология департаменті мен жауапты министрлікте көрсетіліп тұрады. Өкінішке қарай, осындай бақылау еліміз бойынша энергетика саласында ақсап тұр. Мынау Екібастұзда будақтаған түтіні сонау алыстан көрінетін ГРЭС-терді алып қарайықшы. Үнемі қара-қою түтін шығып жатады. Айналасындағы ел-жұрт кәсіпорыннан шығатын шаң-тозаңды жұтуға мәжбүр. Өндіріс орындарына бақылау жүйесін міндеттейік десек, көп қаражат керек, ал ол үшін тарифті көтеруге мәжбүр боламыз деген сылтау айтады. Бұл Павлодар мен Екібастұздағы қуат өндіретін кәсіпорындарға ғана қатысты мәселе емес, тұтастай республикаға тән. Министрлік автоматтандырылған жүйені әзірше тестілік режимде қарап отырғанын да айтуымыз керек. Көрсеткіштер артып кетсе, кәсіпорындарға айыппұл салынады. Ал соңғы өзгерістерге сәйкес ол айыппұл жергілікті бюджетте қалады, — дейді Еділ Жаңбыршин.
Павлодар облысы — Қазақстанның ірі индустриялық орталықтарының бірі. Өңірдің 900-ден астам кәсіпорны жыл сайын 700 мың тоннаға жуық зиянды қалдықтар шығарады және басым үлесі Екібастұз, Ақсу, Павлодар қалаларына тиесілі. Өңір басшысы Асайын Байхановтың сөзінше, экология саласында жұмыстар жүргізілмей жатыр деп аузымызды қу шөппен сүртуге келмейді. Ірі компаниялар ең үздік қолжетімді технологияларды енгізу және өндірістерді кезең-кезеңімен жаңғыртудың арқасында шығарындыларды азайтудың тұрақты серпіні байқалады. 2024 жылы зиянды қалдықтардың көлемі 6,5 мың тоннаға азайған. Аумақтағы экологиялық ахуалды жақсарту, озық технологияларды енгізу және кешенді табиғат қорғау іс-шараларын іске асыру бойынша жұмыстар жүйелі түрде жалғаса береді.
— Экологиялық қауіпсіздіктің негізгі бағыты — атмосфералық ауаның сапасын жақсарту. Мониторинг бойынша цифрлық технологияларды енгізуге ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінгі таңда нақты уақыт режимінде шығарындыларды бақылаудың автоматтандырылған жүйелері өңірдің 11 ірі кәсіпорнында, оның ішінде «Екібастұз ГРЭС-2 стансасы» АҚ және «Қазақстан алюминийі» АҚ-да жұмыс істеп тұр. Дейтұрғанмен облыс еліміз бойынша электр энергиясының — 40%, көмірдің — 30%, ферроқорытпаның — 58%, алюминийдің 100%-ын беріп отырғанын ұмытпауымыз керек. Соңғы жылдар дерегінде қоршаған ортаны қорғау іс-шараларына кәсіпорындар 82 млрд теңге жұмсап, шығарындылар көлемін 30 мың тоннаға дейін азайта алды, — деп қосты облыс әкімінің орынбасары Әйгерім Қабылтаева.
Экологтарды толғандырып тұрған екінші өзекті мәселе — Павлодардағы бұрынғы химиялық зауыттың аумағында және Былқылдақ көлінде жиналып қалған сынап қалдықтары. Еділ Жаңбыршинның дерегінше, зауыт пен көлде сынаппен ластанған металдардың жалпы көлемі 1 млн 300 мың тоннадан асады. Алайда жергілікті жауапты органдар мен кәсіпорындар тарапынан сынапты жоюға қатысты шешімді қадамдар байқалмайды.
— Байқағанымыздай, Былқылдақ көлінің айналасында тереңдігі 15-20 метрге дейін кететін «Жер қабатындағы қабырға» деп аталатын бетонды қорғаныс жүйесі салыныпты. Ол сынабы бар лас судың жерасты суларымен араласып кетуінің алдын алады. Әлгі жерде мониторинг жүргізетін компания өкілдерінің сөзінше, қабырғаның сыртындағы топырақ құрамында сынап кездеспеген. Соған қарағанда әзірше сынап бір орында ұсталып тұр. Бірақ зиянды элементті түптің түбінде жоюымыз керек. Оны утилизациялайтын заманауи жобалар АҚШ, Еуропа, Қытай елдерінде бар. Солармен келіссөздер жүргізілуі керек, — деп есептейді депутат.
Мәжілістегі Экология және табиғатты пайдалану комитетінің мүшелері алда жылу электр орталықтарының күлін, металлургия шлактары мен шламдарын екінші реттік шикізат етіп бекіту, құрылыс және жол компанияларының күл мен металлургия қалдықтарын міндетті түрде қолдануын қадағалау, өндірістік қалдықтарды құрылысқа пайдалану үшін ынталандыру шараларын енгізу сияқты міндеттер тұрғанын атап өтті. Депутаттар Павлодар, Ақсу және Екібастұздағы тозуы 83-85 пайызға жеткен кәріз-тазарту құрылыстарын жаңғырту, заманауи полигондар мен қайта өңдеу кешендерін салу жұмыстарын да бақылауға алатындарын жеткізді.
Бұған дейін Былқылдақтағы сынап қалдықтарынан Ертіс өзеніне қауіптің бар-жоғын талдап көргенбіз.