Нысанның ерекшелігі – оның сәулеттік шешімі мен мағынасының тереңдігі. Монументтің іргетасы осыдан үш жыл бұрын қаланып, дін көшбасшылары жиналған кезде ортасына емен ағашы отырғызылған.
Жобаның авторларының бірі, мүсінші Темірлан Тлес Kazinform тілшісіне берген сұхбатында бұл идея қалай туғанын айтып берді.

– Бұл жоба үш жыл бұрын басталған. Папа Римскийдің қатысуымен болған іс-шарада, яғни дін көшбасшыларының жиынында, осы идея негізі қаланды. Сол кезде ортасына емен ағаш егілген. Кейін сыртқы келбеті – төрт бағытты бейнелейтін киіз үй формасы ретінде бекітілді. Бірақ ішкі бөлігі әлі нақтыланбаған еді. Сол кезде бізге – маған және серіктесім Юнус Сапардиарға – ішкі кеңістікті көркемдеу жөнінде ұсыныс түсті, – дейді мүсінші.
Спикердің айтуынша, Юнус Сапардиар Ұлыбританиялық белгілі мүсінші, Темірланның серіктесі әрі ұстазы. Ол төрт қабырғаға арналған тұжырымды жеті күннің ішінде жасап шыққан.
– Бізге тек бір апта уақыт берілді. Юнус төрт қабырғаны төрт асыл тас арқылы бейнелейтін тұжырым ұсынды. Әр қабырғаның ортасына бір тастың символикасы қойылды. Осы нобай әкімдік пен Сенат тарапынан мақұлданды. Жобаға қатысты пікірталастар көп болды, өйткені уақыт өте тығыз еді – бар болғаны 8 ай. Бюджет те шектеулі болған, – деді Темірлан.

Оның айтуынша, жоба мақұлданғаннан кейін олар ескерткіштің толық цифрлық үлгісін жасап, тапсырыс берушіге көрнекі түрде таныстырған. Бұл нұсқа ұнаған соң, бірден іске кірісіп, құрылыс жұмыстары басталған.
– Жұмыстың басым бөлігі Ресейде атқарылды. Қабырғаларда қолданылған жартылай бағалы тастар – Италиядан жеткізілді. Металл бөлшектер мен қола мүсіндер Санкт-Петербургте жасалды, – дейді Темірлан Тлес.
Монументтің ішкі қабырғаларына айнадай жарқыраған болат қолданылған. Бұл тек сән үшін емес, терең ойды меңзейтін шешім.

– Адам қабырғалардан өз бейнесін көріп, осы кеңістіктің, осы әлемнің бөлшегі екенін сезінеді. Қабырғалардағы бейнелер – ағаштар, маусымдар мен механизмдер – бәрі де жаратылыс пен ғаламның өзара байланысын көрсетеді. Жылдың төрт мезгілі – көктем, жаз, күз, қыс – ағаштар арқылы бейнеленді, – деп түсіндірді мүсінші.
Төрт қабырға – төрт асыл тас
«Өмір ағашының» ішкі қабырғаларына төрт түрлі асыл тастың бейнесі мен мағынасы арқау болған. Әр панно – бір әлем, бір идея.
Сапфир
Бұл панно ғарыштық идеяға негізделген. Жұлдыздар мен аспан денелері, механизм бөлшектері және табиғи элементтер – барлығы үйлесімді өрнекке тоғысады. Сапфир – тіршілік пен жаратылыстың үндестігін білдіреді. Ол – жан мен табиғаттың үйлесімін, Жаратушының мінсіз тәртібін бейнелейді. Бұл паннода сапфир содалит тасы арқылы көрініс тапқан.

Изумруд
«Изумруд» панносы – әлемнің құрылымын көруге мүмкіндік беретін көпқабатты композиция. Оның ортасында ұлттар бірлігін білдіретін қарлығаш ұясы бейнеленген. Қарлығаштың ұясы – мейірім мен отбасылық татулықтың нышаны. Орталықта орналасқан бес асыл тас – Қазақстан халқының көпұлтты бейнесі.

Алмаз
Ақ кальциттен жасалған алмаз – беріктік, рухани қуат пен батылдықтың белгісі. Панно геометриялық үйлесімді шеңбер түрінде жасалған.

– Бұл панноны аналарымыз бен әйелдерімізге арнадық. Олар – тіршіліктің шынайы бастауы, – дейді Темірлан Тлес.
Рубин
Панноның ортасындағы жарқыраған рубин – күн, өмір және өсіп-өркендеудің символы.

– Рубин – болашаққа деген сенім мен табыстың көрінісі. Бұл – халқымыздың даму жолының бейнесі, – дейді автор.
Темірлан Тлес – қазіргі заманғы қазақстандық мүсінші. 1989 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Ол Қытайда каллиграфия, ал Малайзияда сәулеттік макет жасау саласында білім алған. Қазақстанға 2016 жылы оралып, шығармашылықпен кәсіби түрде айналыса бастаған.
Еске сала кетейік, Астанада «Өмір ағашы» монументі бой көтеретінін жазғанбыз.