— БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық саммитінің күн тәртібі ауқымды екені белгілі. Оған 100-ден астам мемлекет басшысы, мүдделі тараптар мен әлемдік көшбасшылар қатысады. Бұл кездесудің ерекшелігі неде? БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші мерейтойлық сессиясынан не күтуге болады?
— Бас Ассамблеяның 80-ші сессиясы — маңызды кезең. БҰҰ-ның сексен жылдық мерейтойы халықаралық қатынастардың заманауи жүйесі Екінші дүниежүзілік соғыстан алған сабақтардан туындағанын еске салады. Бүгінде әлем тағы да жеке дара шешілмейтін дағдарыстармен бетпе-бет келіп отыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 8 қыркүйектегі Жолдауында атап өткендей: «Біріккен Ұлттар Ұйымына әлі күнге дейін еш балама жоқ. Қазақстан оны көкейкесті халықаралық мәселенің бәрін әділ шешу жолындағы негізгі келіссөз алаңы болып қала беруге тиіс деп санайды».
Мерейтойлық сессияның ерекшелігіне тоқталсақ, көшбасшылар ресми сөз сөйлеу үшін емес, шешім табу үшін жиналады. Халықаралық қоғамдастық геосаяси бөлшектенумен, шиеленістердің күшеюімен, цифрлық және биологиялық салалардағы қауіптермен, халықаралық құқыққа сенім дағдарысымен бетпе-бет келіп отыр.
Бұл кездесуден жұртшылық Жарғының әмбебаптылығын қуаттауды және нақты қадамдар белгілеуді күтіп отыр, яғни Орнықты даму мақсаттары бойынша жұмысты жеделдету мен бейбітшілік пен қауіпсіздік тетіктерін нығайту ескерілген. Қазақстан нақты мақсатпен қатысады. Бұл тұрғыда көпжақты жүйенің жаңаруына үлес қосып, барлық үлкенді-кішілі мемлекеттердің мүдделеріне шынайы қызмет етуіне жәрдемдесу қарастырылған.

— Саммитте ұйымның жұмысы қорытындыланады. Осы орайда қандай жағымды аспектілерді атап өтуге болады? Қазақстан жағы БҰҰ қызметін қалай бағалайды?
— Барлық қиындыққа қарамастан, БҰҰ мемлекеттердің диалогқа түсуі және шешімдерді табуы үшін таптырмас алаң болып қала береді. Ұйымның жұмысы үш тұғырға негізделген: бейбітшілік пен қауіпсіздік, даму және адам құқықтары. Біз оның жұмысын декларациямен емес, адамдардың өміріне әсер ететін нақты нәтижелермен бағалаймыз.
БҰҰ ондаған бітімгершілік операцияларын жүргізді, гуманитарлық көмек арқылы миллиондаған адамдардың өмірін сақтап қалды және жаһандық даму күн тәртібін белгіледі.
Қазақстан да тиісті қадамдарды жасап келеді. Бас Ассамблеяның қарарында мақұлданған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы – Алматыда БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарының өңірлік орталығының ашылуы маңызды қадам болды.
Қауіпсіздік саласында Қазақстан бітімгершілікке қосқан үлесін арттырды. Біз Голан жоталарына алғаш рет ұлттық контингентті жіберіп, оның ротациясын өзіміз қамтамасыз еттік.
Бүгінде 160 әскери қызметкер БҰҰ аясында қызмет етіп жүр, ал Орталық Азиядағы жалғыз сертификатталған орталық – KAZCENT орталығы заманауи бағыттар бойынша даярлап жатыр, соның ішінде кибертөзімділік пен ұшқышсыз ұшу жүйелерімен жұмыс істеуде бітімгершілік күштерді оқытады.
Қарусыздану және қаруды таратпау бұлжымас басымдық болып қала береді. Ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан Қазақстан сенім мен халықаралық режимдерді нығайта түсетін бастамаларды ілгерілетіп келеді.
Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні, Қазақстанның биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы бастамасы және ядролық сынақтардан зардап шеккендерге көмек көрсету мен қоршаған ортаны қалпына келтіру үшін мақсатты қор құру туралы ұсыныс — Семей полигонының салдарымен тікелей байланысты. Бұл тұрғыда орташа державалар да жаһандық ауқымда шешімдер ұсына алатыны айқын көрініп тұр.
Климатқа қатысты мәселелер ерекше орында. 2026 жылы Қазақстан БҰҰ-мен бірге Өңірлік экологиялық саммит өткізеді. Біздің бастамамыз бойынша Бас Ассамблея 2026 жылды Орнықты даму үшін еріктілердің халықаралық жылы деп жариялады. Бұл өз кезегінде миллиондаған адамдарды экология мен климаттан бастап әлеуметтік қорғауға дейінгі практикалық жобаларға тартуға мүмкіндік береді.
Өңірлік өлшем әрқашан біздің назарымызда болды. Біз Орталық Азияның ортақ мүдделерін, бейбітшілік пен ынтымақтастық идеяларын ілгерілетіп келеміз. Өңірде Бейбітшілік, қауіпсіздік және ынтымақтастық аймағын құру туралы ұсыныс, сондай-ақ қолданыстағы тетіктер — Аралды құтқару халықаралық қоры мен Орталық Азияның ядролық қарудан азат аймағы осы көзқарасты көрсетеді.
Жаһандық деңгейде Қазақстан серіктестерімен бірге халықаралық гуманитарлық құқық бойынша саяси қолдауды күшейтіп жатыр.
Жалпы, бұл жұмысымыздың бір бөлігі ғана. Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болған отыз жыл ішінде Қазақстан өзін халықаралық қатынастардың жетілген және жауапты қатысушысы ретінде көрсете білді және көпжақтылыққа бейілділігін растады.
Біз үшін бітімгершілік миссиялар мен гуманитарлық бастамалардан бастап, климат пен аймақтық жобаларға дейін айтылған сөздерден кейін нақты әрекеттерге кірісу маңызды. Біз БҰҰ жұмысын осы практикалық және жауапты рухта бағалаймыз.

— Кездесуде БҰҰ-ның ХХІ ғасырдағы рөлі қайта қарастырылады деп айтылып жатыр. Сіздің ойыңызша, оны тиімдірек ету үшін қандай реформалар қажет?
— Бұл тұрғыда жүйелік жаңару қажеттілігі туралы айтылып жатыр. Қазақстан реформалар БҰҰ-ны әлсіретпей, нығайта түсуі керек екеніне сенімді. Басты назарда — Қауіпсіздік Кеңесі тұр, себебі оның құрамы XXI ғасырдағы геосаяси жағдайды айқындай алмай отыр. Дамушы елдерді қоспаса және орта державалар белсенді түрде қатыспаса, оның шешімдеріне сенім азаяды.
Керісінше, Бас Ассамблеяның рөлі артып келеді. Қазақстан оның институционалды нығаюын маңызды деп санайды. Бас хатшының бүкіл жүйенің тиімділігін, жауапкершілігін және нәтижелігін арттыруға бағытталған бастамасын қолдаймыз.
Сонымен қатар, реформалар жаңа сын-қатерді де ескеруі тиіс. Бұл ретте, цифрлық технологиялар, биоқауіпсіздік, климаттың өзгеруі және жасанды интеллектіге қатысты мәселелер назарда болуы керек. Аталған қадамдарға екпін қойса, БҰҰ ХХІ ғасырда өзінің бірегейлігі мен тиімділігін сақтайды.
— Тамыз айының басында Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ арасында Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын құру туралы келісімгеқол қойылды. Бұл бастама жөнінде және оның алғашқы нақты қадамдары туралы толығырақ айтып өтсеңіз…
— Орталықты құру — Бас Ассамблеяның консенсус қарарымен мақұлданған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегиялық бастамасы. Бұл қадам Қазақстанның Орталық Азия мен Ауғанстан елдеріне тікелей пайда әкелетін нақты тетіктер арқылы БҰҰ әлеуетін нығайтуға бейілділігін көрсетеді.
Орталық мемлекеттер стратегияларды үйлестіре алатын және ресурстарды біріктіретін алаңға айналады, сондай-ақ халықаралық қолдау өңірдің басым міндеттеріне бағытталады.
Оның мандатына БҰҰ агенттіктері мен бағдарламаларының қызметін үйлестіру, инфрақұрылымды дамыту, ұлттық құзыреттерді нығайту және тұрақты экономикалық байланыстарды қолдау кіреді. Басымдықтар нақты айқындалған: су, энергетика және климат; тұрақты қалалар және урбанизация; цифрлық шешімдер; білім беру мен әлеуметтік қызметтер; тұрақты қаржыландыру.
Өсіп келе жатқан сұраныс пен шектеулі ресурстар жағдайында үйлестіру ерекше маңызды. Қазақстан бұл үшін тиісті базаны құрды, яғни Алматыдағы UN Plaza ғимаратында БҰҰ-ның 18 бөлімшесі бір шаңырақ астында жұмыс істеп жатыр.
Мұндай формат Біріккен Ұлттар Ұйымының ұстанымын нығайтады, жүйенің үйлесімділігін арттырады және нақты нәтиже береді. Бұл экожүйені БҰҰ-ның Цифрлық шешімдер орталығы мен Астана мемлекеттік қызмет хабы инновациялар мен тәжірибе алмасуға арналған платформалар арқылы нығайтады.
Осылайша, бұл қадамдар өңірдің 2030 күн тәртібінің мақсаттарына жылдамырақ жылжуға көмектесетін тетіктерді құруға бағытталған.

— Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысына қатысатыны айтылды. Қазақстан әлемдік қауымдастық назарын қандай мәселелерге аударады?
— Мемлекет басшысы 80-ші сессияның жалпы пікірсайыстарының ашылуында алғашқылардың бірі болып сөз сөйлейді.
Президенттің үндеуінде еліміздің негізгі басымдықтары аталып өтіледі. Бұл тұрғыда халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту, ядролық қарусыздану және таратпау, орнықты дамудың жаһандық күн тәртібін ілгерілету, климат пен су қауіпсіздігі, цифрлық трансформация және инклюзивті қоғам құру туралы баяндалады.
Сонымен қатар, Президент БҰҰ-ның болашағына қатысты тұтас көзқарасын ұсынып, Қазақстанның нақты шешімдерді ұсына алатын жауапты орта держава ретіндегі рөлін атап көрсетеді.
Мінберден егжей-тегжейлі мәлімдемелер жасалады. Осының бәрі сенімді нығайту және халықаралық ынтымақтастықты дамыту жөнінде мағыналы үндеу болады.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 21-23 қыркүйек күндері Нью-Йорк қаласына жұмыс сапарымен барады.
Айта кетейік, БҰҰ Бас ассамблеясының мерейтойлық саммитінде қандай іс-шаралар өтетінін жазған едік.