Абдул-Фаттах Рамазанов татардың белгілі саудагерлер әулетінен шыққан. Олар Солтүстік Қазақстан мен Батыс Сібір аумағында сауда-саттықпен айналысқан.
XIX ғасырдың соңында көпес Павлодарға келіп, кейін осы жерде қоныстанып қалады. Дәл осы қалада ол өз ғұмырындағы тарихи із қалдырған игі істермен айналысады.
Фаттах Рамазановтың бастамасымен Павлодарда салынған алғашқы маңызды ғимараттардың бірі – қазіргі Бұқар жырау атындағы мұражай. Бұл үй келушілерді өзінің ерекше ою-өрнектерімен таңғалдырады.

Павлодарлық журналист Салауат Темірболатұлы біраз жылдан бері саудагердің өмірін зерттеп келеді. Оның айтуынша, Рамазанов жайлы сан түрлі аңыз бар, бірақ бүгінде оның кейбірі шындыққа айналып келе жатқандай.
– Естеліктерден біз Рамазановтың осы қалада 7 мешіт салуды армандағанын білдік. Бұл жайлы ақсақалдар да айтатын. Мысалы, қазіргі Бұхар жырау атындағы мұражай тұрған жерде ол мешіт салдырмақ болыпты, бірақ өзі іссапарда жүргенде жұмысшылар іргетасын теріс құйып тастапты. Михраб деген орын бар, яғни имамның орны – ол басқа бетте болуы тиіс еді, — дейді Салауат Темірболатұлы.
Абдул-Фаттах Рамазанов Ақ мешіттің де құрылысына демеушілік еткен. Бұл 1905 жылы Павлодарда салынған алғашқы тас мешіттердің бірі болған.

Сонымен қатар Павлодарда көпес өзіне де үй салдырған. Қазір ол ғимарат қонақүй ретінде жұмыс істеп тұр, бірақ нысан жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізілген. Жанында Майра Шамсутдинованың мұражайы орналасқан. Бұның да салынуына Рамазанов үлес қосқан, ол ғимаратты ұлына арнап, өз үйінің қасынан салдырған.
Абдул-Фаттах Рамазанов екінші гильдиядағы көпес болып, күнделікті тұтынуға қажетті тауарлар, астық, былғары, мал сатумен айналысқан. Тарихшылар оның қайырымдылыққа көп көңіл бөлгенін, кедей-кепшіктің балаларын оқытуға қол ұшын беріп келгенін айтады. Осындай игі істерінің арқасында Павлодар тарихында өзінің де аты алтын әріппен жазылды.
Революция басталғанда сол замандағы көптеген көпестер секілді Рамазанов та дән-дәулетінен айырылады. Жаңа билік өкілдері келгенге дейін балаларын Павлодардан шығарып үлгереді. Жанын сауғалау үшін бар мал-мүлкін де өткеріп береді. Бірақ өзі ыстық ұясына айналған қаладан кетпейді.

– Абдул-Фаттах Павлодарда жерленген. Бірнеше жылдан кейін Семейдегі ауруханада жұбайы қайтыс болыпты, екеуі де Павлодардың көне мұсылман зиратына қойылған. Көпестің жерленген орнын табуға оның бұрынғы қызметшісінің немересі – Сүфия Саттарова көмектесті. Ол әжесімен бірге Рамазанов дүниеден өткен соң әр жұма сайын барып, құран бағыштап жүріпті, — дейді журналист Салауат Темірболатұлы.
Кеңес билігі орнаған соң Рамазановтың қаражатымен салынған үйлерде түрлі мекемелер ашылады. Арада қаншама жыл өткеннен кейін ғана оларға тарихи нысан мәртебесі берілді.
Кейбір ғимараттарға бастапқы қызметі де қайтарылды. Мәселен, Ақ мешітте 1938 жылы діни қызметке тыйым салынып, тіпті мұнарасы да құлатылған. Тек 1989 жылы ғана қайта қалпына келтіру жұмыстары басталды.

Еске салсақ, бұған дейін біз Семейде Федор Достоевский тұрған үйдің кейін мұражайға айналғаны жайлы жазған едік.