Өнер ордасының алғашқы құрамы, жүріп өткен жолы, шығармашылық әлеуеті жөнінде Kazinform тілшісіне өнертану ғылымының кандидаты, театртанушы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты театр және кино бөлімінің меңгерушісі Аманкелді Мұқан айтып берді.

1925 жылы сәуірде Ақмешітте, яғни қазіргі Қызылордада өткен Қырғыз (Қазақ) АКСР кеңестерінің V съезінде «Халық ағартудың кезекті мәселелері жөнінде» арнайы қарар қабылданды. Қарарда ұлт театрын құру мәселесі де қамтылды. «Қазақтың ұлттық театрын құру жеделдетілсін» деген шешім жеке тармақта жазылғанымен оның орындалуы күзге дейін созылды.
— Театртанушылар қазақ театры өзінің бастауын Орынбордан да емес, Қызылордадан да емес, Семей қаласынан алатынын айтып жүр. 1915 жылы 13 ақпанда осындағы көпестер жиналатын үйде «Шығыс кеші» атты ойын-сауық кеші өтеді. Келушілер ақындар айтысы, сән көрсетілімі, ән кешімен қатар Біржан мен Сараның айтысын тамашалайды. Орынбор Қазақ автономиялық республикасының астанасы болған тұста театр құру туралы бастаманы Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин сияқты ұлт зиялылары көтерген болатын. Бірақ ұсыныс ресми түрде жүзеге асырылған жоқ. Себебі ол жерде орыс театры жұмыс істеп тұрды. Актриса, жазушы, драматург Нина Анненкова-Бернар ұлттық дастан негізінде 1908 жылы «Бекет» атты драма жазып, кейін оны сахнаға шығарды. Бұл ұлт театрының алғашқы баспалдағы еді. Пьесаның бір бұрышында автор Сәкен Сейфуллин мен Ахмет Байтұрсыновқа ерекше алғыс білдірген. Қазақ театрын құрудағы алғашқы қадамы үшін Нина Анненкова-Бернарға «Қазақ республикасының халық актрисасы» деген құрметті атақ берілді, — деді өнертанушы.
Қызылорда қаласында тұңғыш кәсіби ұлт театрының ұйымдастырылуы еліміздің мәдени тарихында мәні зор оқиғаға айналды. Дегенмен, тарихшылар оның ашылған күні мен алғашқы сахналанған қойылымы туралы түрлі деректі алға тартады.

— 1925 жылы Үкімет қаулысы шыққанымен дайын кадр болмағасын сол жылдың қазан, қараша айларында «Еңбекші қазақ» газетіне ел астанасы Қызылордаға жан-жақтан елдің аузында жүрген өнерпаздарды жинау туралы хабарлама жарияланады. Содан олар Қызылордаға жиналып, күз, қыс бойы дайындалып, 1926 жылдың 13 қаңтарында ұлт театры алғашқы қойылымымен шымылдығын ашты. Бұл қазақ театрының ресми дүниеге келген күні болып есептеледі. Кейбір дерек көздерінде театр шымылдығы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебегімен» ашылғаны келтірілген. Оның ішінде пьесаның «Билер соты» атты үшінші актісі көрсетіліп, екінші бөлігінде концерт берілген. 1975 жылы жарық көрген «Қазақ театрының тарихы» атты академиялық жинақта осылай жазылыпты. Ұзақ уақытқа созылатын драма, трагедияны көріп үйренбеген жұрт театрға концерт тыңдау үшін келеді екен. Бірақ тәуелсіздік алғаннан кейін ресми деректер қайтадан қаралып, өңделді. Соған сәйкес алғаш рет «Еңлік-Кебек» пьесасы сахналанғанымен театрдың ресми ашылуын Қошке (Қошмұхамбет) Кемеңгерұлының «Алтын сақина» пьесасымен байланыстырамыз. Соған қарамастан бұл екеуі қазақ театрының шымылдықашар спектакльдері болғанын айтуға тиіспіз, — деді Аманкелді Мұқан.

Ұлт театрына әуелгіде дипломы бар мамандарды тартуға уақыт та, материалдық мүмкіндік те болған жоқ.
— Сондықтан жас дарындарды Мәскеуге жіберіп оқытып, солардың күшімен кәсіби театр құрылды. «Ел іші – өнер кеніші» дегендей, театрдың бастауында ел арасынан шыққан кәсіби емес өнерпаздар тұрды. Олар үйрене жүріп, өзін дамытты. Режиссер Қанабек Байсейітовтің бұл туралы «Біз — халық консерваториясының түлегіміз» деген сөзі бар. Олардың кезеңін біз «алыптар тобы» дейміз. Арада екі жыл өткесін астана Алматыға ауысып, қалаға гастрольдік сапармен келген ұжым кейін осында орнығып қалды. 1929 жылы түбегейлі көшіп келіп, жұмысын жалғастырды. Театр құрамына Шәкен Айманов, Қапан Бадыров және тағы басқа қосымша актерлер, Абай атындағы педагогикалық университеттің көркемөнерпаздар үйірмесінде көрінген таланттар тартылды. Арнайы ғимарат салу мүмкіндігі болмаған соң шығармашылық ұжым жалдауға ыңғайлы үй-жайларда жұмыс істеді, — деді театртанушы.

Театрдың алғашқы құрамында кім болғаны да қызық. Өнертанушы атап өткендей, Халық ағарту комиссары болған Смағұл Сәдуақасов талантымен танылған Жұмат Шанин, Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев сияқты өнерпаздарды шақыруды ұсыныпты.

— Қара күшімен танылған Қажымұқан да қазақ театрының труппасына алғашқы актерлердің бірі ретінде шақырылған. Оны циркте өнер көрсеткен спортшы деуге болады. Адамның күші жетпейтін трюктерді орындауымен танылды. Театрдың алғашқы режиссерлері Серке Қожамқұлов, Құрманбек Жандарбеков болды. Екеуі де тегін адам емес. Бірақ кәсіби мамандығы болмаған соң қал-қадірінше режиссерлік жасап, спектакльдерді ұсынды. Қазақ театры труппасының жұмысы тек Жұмат Шанин келгеннен кейін жанданғаны айтылады. Негізгі мәселе қыздардың театрға келмеуі болды. Ол кезде қыздарға сахнада өнер көрсетуге рұқсат берілмейтін әрі бұл әлі үрдіске айналмаған еді. Актерлер жұбайларын театрға актриса ретінде тартып, соның нәтижесінде отбасымен осы театрдың мүшесіне айналды, — деді ол.

Бастапқыда шығармашылық еркіндік болған. Бірақ идеология қыспағы күшейіп, ұлттық тақырыпқа, халықтық фольклор, жыр-қисса, батырлық, махаббат дастандарына шектеу қойылды.
— Репертуарға жаңа өмірді жырлау, жұмысшы мен шаруа, революция тақырыбы өзек болады. Төңкеріс тақырыбы басты орынға шығып, классика шетке ығысты. Орыс классикасына көбірек орын берілді. Орыс мамандары көптеп келді. Алматыда мәдени онкүндік өтіп, бұл ашаршылықтан кейін елдің мәдениеті мен еңсесін көтеруге ықпал етті. Музыкалық театр құрылғасын әншілік қабілеті зор Күләш Байсейітова, Қанабек Байсейітов, Құрманбек Жандарбеков, Елубай Өмірзақов, Әміре Қашаубаевтар сонда ауысады. Осыған байланысты жазушы Ғабит Мүсірепов «Музыкалық театр ашамыз деп ұлт театры үнінен айырылып қалды» деген екен. Кәсіби театр Алматыға келгесін жағдайы жақсарды. Драмалық театр ретінде драмаға мән берді. Театрға Мұхтар Әуезов есімінің берілуі тегін емес. Жазушы түрмеден босап шыққасын басқа еш жер жұмысқа алмай, әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып театрға жұмысқа орналасады. Көп еңбек сіңірді. Қазақ театрының биікке көтерілуіне әсер етті. Шекспирдің «Асауға тұсауы» керемет қойылғаны сондай, 30 жылға жуық уақыт бойы сахнадан түскен жоқ. Театр ғимараты өткен ғасырдың 80-жылдарының басында жаңа ғимаратқа көшті, — деді Аманкелді Мұқан.

Бұған дейін біз Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театрын жөндеу жұмыстары 2026 жылға дейін аяқталатынын жазғанбыз.
Осыған дейін Әуезов театрын жаңарту жұмыстары қашан аяқталатыны туралы жаздық.