Ресей Федерациясының Тергеу комитеті 10-нан астам адамның азық-түлік жеткізу қызметі арқылы тапсырыс берген өнімдерден улануына қатысты қылмыстық іс қозғады.
Бұл туралы Ресей Тергеу комитетінің Мәскеу бойынша Бас тергеу басқармасы басшысының аға көмекшісі Юлия Иванова мәлім етті, деп хабарлайды ТАСС ақпарат агенттігі.
«14-15 маусым аралығында 10-нан астам адам тамақтан улану белгілерімен қалалық ауруханаларға медициналық көмекке жүгінген. Ресей ТК Мәскеу қаласы бойынша Бас тергеу басқармасына қарасты Солтүстік-Батыс әкімшілік округі бойынша Тергеу басқармасының ерекше маңызды істерді тергеу бөлімі РФ Қылмыстық кодексінің 238-бабымен (тұтынушылардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігіне қойылатын талаптарға сай келмейтін қызметтерді көрсету) қарастырылған қылмыстық іс қозғады», — деді ол.
Тергеушілер өнім сатылатын орындарда тінту жүргізіп, куәгерлер мен жәбірленушілерден жауап алуда. Тергеу комитеті Роспотребнадзормен бірге өнім шығаратын ұйымдардың құжаттарын тексеруде. Олардың сапасы бағаланады.
Мәскеулік Роспотребнадзордың нақтылауынша, зардап шеккендер «Локалкитчен» («Аудандағы ас үй») ЖШС-нен лобио және «Гастропорт» ЖШС-нен тунец, үрмебұршақ және алма қосылған салатқа тапсырыс берген. Ведомство олардың сатылуын санитарлық-эпидемиологиялық тексеру аяқталғанша тоқтатты.
Қалалық прокуратура 18 бен 60 жас аралығындағы адамдардың уланғанын қосып өтті. Прокурорлар эпидемиологиялық тергеу мен қылмыстық істің барысын бақылауға алды.