17 қыркүйекте «Хезболла» мүшелері пайдаланатын пейджерлер бүкіл Ливанда бір уақытта жарылды. Кем дегенде тоғыз адам қаза тауып, үш мыңға жуық адам жарақат алды. Бұл оқиғада «Хезболла» Израильді айыптады, деп жазады Reuters.
Ливандағы «Хезболла» қарулы тобының мүшелері арасында бір уақытта пейджерлердің (дауыс хабарламаларын қабылдайтын сымсыз телекоммуникациялық құрылғылар) жарылуы салдарынан кемінде тоғыз адам қаза тауып, 3000-ға жуық адам жарақат алды.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, алғашқы жарылыстар 17 қыркүйек күні жергілікті уақыт бойынша сағат 15:30 шамасында болып, Ливанның әртүрлі аймақтарында, соның ішінде елдің оңтүстігі мен ел астанасы Бейрутте бір сағатқа созылған.
Агенттік қауіпсіздік көздеріне және оқиға орнынан түсірілген бейнематериалдарды талдауға сілтеме жасай отырып, кейбір пейджерлердің дыбыстық сигналдан кейін жарылғанын, сондықтан құрылғылардың иелері экранды тексеру үшін оларды ұстап тұрғанын немесе «не сигнал екенін түсіну үшін» пейджерлерге жақыннан үңіле қарап тұрғанын атап өтті.
Reuters талдауына сәйкес, жарылыстар әлсіз болғанымен, құрылғының иесі немесе оған жақын тұрған адамдар зардап шеккен.
Ливан қауіпсіздік күштеріндегі жоғары лауазымды тұлғаларының айтуынша, Израильдің «Моссад» барлау агенттігі жарылыстардан бірнеше ай бұрын Хезболла тапсырыс берген 5000 пейджерге жарылғыш зат қойған.
Агенттік сұхбаттастарының бірі бұл топ Тайваньның Gold Apollo компаниясына пейджерлерге тапсырыс бергенін және құрылғылардың Ливанға осы жылдың басында әкелінгенін айтты. Компания құрылғыларды өндірмегенін мәлімдеген және оларды Тайвань өндірушісінің брендін пайдалануға құқығы бар еуропалық фирма жасағанын айтты.
Айтуларынша, «Хезболла» мүшелері ұялы телефондарды тастап, Израиль олардың орналасқан жерін бақылай алмайтындай етіп пейджерлерге көшкен. Жарылған құрылғылар соңғы айларда әкелінген пейджердің соңғы үлгілері болды, дейді агенттік дереккөздері.
Хезболла ресми түрде бұл оқиға үшін Израильді айыптап, «әділ жауап беруге» уәде берді. Израиль пейджерлердің жарылуы туралы ақпаратқа әлі түсініктеме берген жоқ.