Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы елшілігінде «Болашақ көшбасшылармен алмасу» – FLEX (Future Leaders Exchange) америкалық бағдарламасына қатысқан қазақстандық жоғары сынып оқушыларымен кездесу өтті.
Оқушылармен әңгімелесу барысында Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы елшілігінің кеңесші-елшісі Рауан Тілеулин Қазақстан АҚШ-пен жоғары білім беру саласында ынтымақтастықты кеңейтуге баса назар аударатынын атап өтті.
Мысал ретінде дипломат Солтүстік Қазақстан университеті арасындағы ынтымақтастық туралы айтты. М. Қозыбаев және Аризона университеті қазақстандық студенттерді қос диплом бағдарламасы бойынша оқытып жатыр.
Кездесуге Қазақстанның түрлі қалаларынан (Астана, Алматы, Ақтау, Теміртау, Тараз, Қызылорда, Шымкент, Қарағанды және т.б.) бір академиялық жылы америкалық мектептерде оқып, америкалық отбасыларда тұратын қырықтан астам қазақстандық оқушылар қатысты.
Айта кету керек, кездесу ағылшын тілінде өтті және қазақстандық жастар шет тілін жоғары деңгейде меңгергенін көрсетті, бұл аталған бағдарламаның пайдасы. Кездесуде оқушыларымыз Қазақстан-Америка қарым-қатынасы, одан әрі білім алу мүмкіндіктері, Қазақстанды шетелге таныту және мансабын отанда дамытуға қатысты түрлі мәселелер бойынша пікірлесті.
АҚШ-тың Мемлекеттік департаментінің Білім және мәдениет бюросының жастар бағдарламалары бөлімінің бастығы Бритта Бьорнлунд Қазақстаннан келген FLEX-тің 43 студенті АҚШ-та оқу жылын аяқтағанын айтты. Сондай-ақ, ол қазақстандық оқушылардың америкалық отбасында тұрып, сол елдің мемлекеттік мектептеріне барғанын және бір жыл бойы Америка Құрама Штаттарын зерттеп, америкалықтарға Қазақстанның мәдениетін таныстырғанын мәлім етті.
«Бағдарламаға қатысу үшін таңдалған қазақстандық студенттерді мақтан тұтамыз. Олар америкалық отбасыларда тұрып, Америка Құрама Штаттарында оқу үшін отбасын, мектебі мен ортасын бір жылға қалдырып кетті. Сондай-ақ, олардың бағдарламаны аяқтап, табысқа жеткені үшін және америкалық мәдениетті сезініп, ағылшын тілін жетік меңгергенін мақтан тұтамыз»,- деді Бритта Бьорнлунд.
FLEX түлектері өздерінің қызықты тәжірибелері туралы әңгімеледі. Қостанай қаласынан келген Дильназ Исенова Индиана штатының Эвансвилл қаласында мектеп оқытушыларының отбасында тұрғанын айтты. Астаналық Осман Хабибуллаұлы Монтана штатының шағын қаласында фермерлер отбасында тұрған. Оқушыларға АҚШ-та болу, алған білімдері, тәжірибелері және жаңа таныстары өте ұнаған.
FLEX — Қазақстанда халықаралық білім беру жөніндегі америкалық кеңестер (ACTR/ACCELS) жүзеге асыратын және Қазақстанның білім министрлігі қолдайтын АҚШ Мемлекеттік департаментінің Білім және мәдениет мәселелері жөніндегі бюросының мәдени алмасу бағдарламасы. Бағдарлама Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген студенттерге АҚШ мектептерінде оқуға және бір оқу жылы ішінде америкалық қабылдаушы отбасыларда тұруға мүмкіндік береді.
Бағдарламаның негізгі мақсаты — Америка Құрама Штаттарының азаматтары мен басқа халықтар арасындағы ұзақ мерзімді қарым-қатынасты дамыту және нығайту. АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті FLEX бағдарламасы және басқа да жыл сайынғы оқу бағдарламалары арқылы 50-ден астам елден келген орта мектеп оқушылардың өзара алмасуын қолдайды. Бағдарламаға 1993 жылы құрылғаннан бері 27 мыңнан астам студент қатысты.