Елімізде ережесіз жекпе-жек түрлерінен кештер өткізетін Naiza FC промоушннің президенті Нұрбек Қарабала кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы мен UFC лигасында өнер көрсететін файтер Шавкат Рахмоновтың ағылшын тілін үйренбей жүргенін сынға алды, деп хабарлайды QazTimes ақпарат агенттігі.
«Патриоттық, тілді сүю дегенді жақсы түсінемін. Алайда біздің кәсіпқой спортшыларға ел алдында мұндайды айтудың қажеті жоқ. Мысалы, Жәнібек Әлімханұлы жария түрде «қазақ тілінен басқа тілде сөйлемеймін» дейді. Олар осындай мәлімдемелері арқылы өздеріне проблема жасап жатыр. Жақында Шавкат Рахмонов туралы мақала шықты. Онда Шавкат ағылшынша сөйлемесе, медиа-танымал бола алмайды делінген. Бұл шындық», — дейді Нұрбек Қарабала.
Осы ретте ол статистикадан мысал келтірді. Айталық, Жәнібекке жекпе-жек алдында 1 миллион доллар гонорар уәде етілсе, ағылшын тілінде сөйлесе, 2 миллионға дейін өседі деп отыр.
«Әлбетте солай. Өйткені сен аудиториямен тікелей сөйлессең, саған деген қызығушылық артады, сенің бағаң да өседі. Бір кездері Хабиб пен Конор Макгрегордың PPV трансляциясын (ақылы трансляция) көп адам сатып алды. Себебі олар жекпе-жектің көрігін алдын ала қыздырды. Нурмогомедов жекпе-жек қарсаңында өзінің ана тілінде немесе орысша сөйлеген жоқ. Ол Макгрегорға және оның фанаттарына ағылшынша үн қатты. Әрине, титул жеңіп алуға тіл білмеуің кедергі емес. Бірақ көлемді ақша тапқын келсе, ағылшын тілін білу маңызды. Өйткені кәсіпқой спорт – бұл бизнес», — деді Naiza FC президенті.