Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Бақтиер Зайнутдинов өнер көрсететін Ыстамбұлдың «Бешікташ» клубы Түркия Суперлигасының ХХ турындағы ойынын Фатих Карагюмрюкке қарсы өткізді. QazTimes бұл туралы Prosports.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Кездесудегі есеп 62-минутта «Бешікташтың» 18 жастағы шабуылшысы Семих Кылычсой гол соққан кезде ашылды. Арада үш минут өткенде Милот Рашица есепті еселеді. 93 минутта Жедсон Фернандеш ойынның нүктесін қойды.
Нәтижесінде қазақстандық футболшының командасы 3:0 есебімен жеңіске жетті.
Зайнутдинов негізгі құрамда алаңға шығып, командасы сапында толық ойын өткізді. Отандасымыз 40-минутта ойын тәртібін бұзғаны үшін сары қағаз алды.
Айта кетейік, бұл жеңісінен кейін «Бешікташ» 35 ұпаймен 4-орында қалды. «Фатих Карагюмрюк» 20 ұпаймен 16-орында тұр.