Катарда өтіп футболдан Азия кубогында 14 қаңтарда, үшінші ойын күнінде Иран құрамасы Палестинаны ірі есеппен жеңді, деп хабарлайды Kazinform.
Иран мен Палестина құрамалары С тобында сынға түсіп жатыр.
Бірінші кезеңді ирандық футболшылар белсенді бастады. Олардың қатарынан Карим Ансарифард 2, Шоджа Халилзаде 12, Мехди Гайеди 38, Сердар Азмун 55-минутта гол соқса, палестиналық Тамер Сейам 45-минутта мергендік танытты.
Осылайша ирандық футболшылар қарсыласынан 4:1 есебімен басым түсіп, алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Бұл топта Біріккен Араб Әмірлігі құрамасы Гонконгты 3:1 есебімен жеңіп кетті.
Енді аталған топта екінші турда 18 қаңтарда Палестина мен Біріккен Араб Әмірлігі, 19 қаңтарда Гонконг пен Иран шеберлік байқасады.
Ал D тобындағы Жапония құрамасы Вьетнамды 4:2 есебімен сүріндірді.
Бұл топта 15 қаңтарда Индонезия мен Ирак жасыл алаңға шығады.
Сондай-ақ бұл күні Е тобында Оңтүстік Корея мен Бахрейн, Малайзия мен Иордания кездеседі.
Еске салсақ, бұдан бұрын футболдан Азия кубогында Өзбекстан құрамасы Сириямен тең түсті.
Азия кубогы ойындары 1956 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Қазірге дейін Жапония — 4, Сауд Арабиясы мен Иран — 3, Оңтүстік Корея — 2, Израиль, Кувейт, Австралия, Ирак, Катар 1 реттен чемпион атанды.