Қазақ боксшыларын алда маңызды Париж Олимпиадасының жолдамасы сарапқа салынатын додалар күтіп тұр, деп хабарлайды QazTimes басылымы Kazinform-ға сілтеме жасап.
Осы орайда, бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжановпен алдағы жарыстарға жоспарлары мен оқу-жаттығу жиындарын қалай өткізіп жатқаны жайында шағын сұхбат алған едік.
– Мырзағали Құланұлы, қазақ боксшылары жаңа жылдан кейін жаңа маусымға қалай, қайда дайындалып жатыр?
– 5 қаңтардан бері қарай толық құрамда Алматы облысындағы «Ақбұлақ» Олимпиадалық орталығында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатырмыз. Жалпы оқу-жаттығу жиынымыз екі кезеңнен тұрады. Біріншісі кезеңі – дене дайындығымен жұмыс істеу, екіншісі арнайы физикалық дайындық болып саналады. Жоспарланған екі оқу-жаттығу жиынын да осында өткіземіз. Екінші кезеңде Иран, Әзербайжан боксшыларымен бірлескен оқу-жаттығу өткіземіз.
– Алда Италияның Милан қаласында өтетін лицензиялық турнир жақындап қалды. Ұлттық құрамадан аталған елге кімдерді апаруды жоспарлап отырсыз?
– Өздеріңіз білесіздер, 13-19 қараша аралығында Астанада бокстан Қазақстан спартакиадасы өткен болатын. Біз лицензиялық турнирлерге осы доданың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін негізге ала отырып апарамыз. Тек алты боксшы ғана барады. Бізде аса ауыр салмақта жалғыз Қамшыбек Қоңқабаев қана Олимпиадаға жолдама алып қойды. Қалған алты салмақтағы боксшыларымызға лицензия ауадай қажет екені айтпасақ та түсінікті. Бірақ оқу-жаттығу жиындарымыз аяқталмай жатып, Италияға кімдердің баратынын нақты айта алмаймыз.
– Алдағы лицензиялық турнирлерге Қоңқабаев қатыспайды ғой…
– Әрине, қатыспайды. Ол Олимпиадаға дейін арнайы жаттығады. Қайда, қалай жаттығатынын жоспарлап жатырмыз.
– Миланда қанша жолдама жеңіп алуды көздеп отырсыздар?
– Барлығын уақыт, ринг көрсетеді. Бірден қалған алты лицензияның бәрін жеңіп аламыз деп уәде беруден аулақпыз. Біз таласатын салмақта жолдама ала алмай қалған әлемнің қаншама мықты боксшылары бар. Олардың да арманы бізбен бірдей – қарсыласын ұтып, жолдамаға қол жеткізу. Қазір бокста бәсекелестік аса жоғары. Сол үшін Миланға аса жоғары деңгейдегі дайындықпен баруды көздеп отырмыз.
– Миланда жолы болмаған боксшылар тағы қандай жарыстарда Олимпиада жолдамасына таласуға мүмкіндіктері бар?
– Осы жылы бірінші лицензия тарататын жарыс Италияда өтсе, екіншісі Тайландта өтеді. Біріншісінде – 49, ал екіншісінде 51 лицензия ойнатылады деп жоспарланып отыр. Менің қазіргі басты мақсатым – аталған қос лицензиялық турнирге аса жоғары деңгейде дайындалып, қалған алты салмақтағы жолдаманы жеңіп алу. Жолдама қолға түссе, Парижде Токиода кеткен есені қайтарып, қазақ боксшыларын Олимпиаданың жеңіс тұғырынан көрсету.
– Әңгімеңізге рақмет!