Қ.Ясауи кесенесінде музей түні іс-шарасы өтті.
Кесенеге келушілер қолөнер шеберлерінің туындыларын тамашалады. Сондай-ақ «Абылайханның Қ.Ясауи кесенесіне зиярат жасауы» атты тарихи қойылым көпшілік назарына ұсынылды. Кесенедегі үлкен Ақсарай, кіші Ақсарай, мешіт бөлмелеріне экскурсиялық шолу жасалды.
Салтанатты шарада көпшілікті мерекемен құттықтаған «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей қорығының директоры Мәулен Садықбеков жас хикметшілерге «Алғыс хат» табыс етті. Сондай-ақ, шарада 300 адамға «хәлім ботқа» асы таратылды.
«Бұрын мұнда ет пен бидайды 24 сағат бойы қайнатып пісіретін «Хәлім ботқа» тамағы дайындалатын болған. Аптасына екі рет әзірленетін ботқаны ағаш астауларға салып, қариларға, дәруіштерге, жарлы-жақыбайларға, мүгедектерге, жиналған көпшілікке, жолаушыларға үлестірген. Күн сайын асханада пісірілген күлше нанды алыс жолдан келген зияратшыларға да таратқан. Бүгін біз бұл дәстүрді қайта жаңғыртып отырмыз», — деді «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей қорығының ғылыми қызметкері Динара Арынова.