Биыл жыл басында қазақстандықтар пәкістандық шайдың сапасына шағымданған еді. Кейін ол сараптамаға жіберіліп, құрамынан тыйым салынған бояуыш табылғаны белгілі болды. Алайда бұл шайлар әлі сатылып жатыр.
Zakon.kz басылымының мәліметінше, бұл мәселеге қатысты сараптама наурызда басталған. Шай құрамынан тыйым салынған бояуыш табылған. Негізі 2018 жылы бұл шайларды Қазақстанға әкелуге тыйым салынған. Алайда бірнеше айдан кейін тыйым алып тасталған.
Жақында «Al Barkat Classic Tea» және «Premium Gold Tea» шайларының құрамында қолдануға тыйым салынған тартразин Е102 жасанды бояғыш заты анықталған.
Бұдан 3 жыл бұрын Total.kz ақпараттық агенттігі тәуелсіз зертханадағы зерттеу нәтижелері түйіршіктелген пәкістандық қара шайдың «Al-Marua Premium», «Эмир чай GOLD», «Al-Jannat GOLD», «Al-Hayat GOLD» және «Орда Пакистан» деп аталатын бірнеше маркасында Е102 жасанды бояғыш затының барын анықтаған еді.
Тыйым салынған бояуыш туралы не белгілі?
Тартразин — синтетикалық жолмен алынатын ең арзан бояғыштардың бірі. E102 қоспасы негізінен тамақ қоспасына қолданылады, өйткені ол тамақ өнімдерін ашық сары түске бояйды.