Қарағандыда мас күйінде әйелін пышақтап өлтірген 51 жастағы азамат сот шешімімен тергеу абақтысына қамалды. Гүлмира Таймасованың денесі бүгін жер қойнына тапсырылды, деп хабарлайды Steppenews агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Қанды қырғынды көзімен көрген кәмелетке толмаған екі бала нағашыларының қолында. Марқұмның туыстары полицейлер де жазаға тартылсын деп талап етіп отыр.
Себебі отбасылық жанжалға шақыртумен келген тәртіп сақшылары әйел арыз жазса да, күдіктіні алып кетпеген. Артынша ер адам әйелін пышақтап өлтірді. Ал, Қарағанды облыстық Полиция департаменті шақыртуға келген сақшыларға қатысты қызметтік тексеріс жүргізіліп жатқанын айтады.
Қара жамылған 80 жастағы кейуана екі жиенін қарап, қаралы үйде қалқайып қалды. 16 және 14 жастағы қыз бен ұл қанды қылмысты көзімен көрген. Үнемі отбасылық жанжалда таяқ жейтін анасының осы жолы пышаққа ілінгені балалар үшін қасірет болды. Қансырап жатса да, балаларынан мұны ешкімге айтпауды сұраған екен.
«Әкелері шығып кеткен соң, балаларына әжелеріңе айтпаңдар, әжелеріңе айтпаңдар депті. Содан есінен танған. Үнемі таяқ жейтін де бізге айтпайтын. Жасырады екен. Кейін біліп полиция шақыртып жүрдік. Бірақ олар келеді, кетеді. Сол қылмыстары үшін қамалған да емес», — дейді марқұмның анасы Рысбала Өмірзақова.
Қылмыс болатын күні кешкілік жанжал шыққанда ұлы полиция шақырған. Сақшылар арызды қабылдап, кетіп қалыпты. Осыдан кейін күдікті қолына пышақ алған. Марқұмның туыстары өз ісіне салғырт қараған полицейлер жауапқа тартылғанын талап етеді. Сондықтан адвокаттың көмегіне жүгінуге мәжбүр.
«99-баптан бөлек, яғни, қасақана адам өлтірумен қоса ҚК 110-бап бойынша қылмыстық іс қозғауға мүмкін болады деп ойлаймыз, яғни ол орысша айтқан кезде — истязание. Қылмыстық әрекет жасалғанға дейін полиция келіп, арызды алып, бірақ ешқандай іс әрекет қолданбаған болса, онда полиция қызметкерлерінің өздерінің міндеттемелеріне салғырт қарау көрініс болып табылады деп ойлаймыз, — деді адвокат Ибрагим Сәдуақасов.
Қарағанды облысы Полиция департаменті аталған жағдай бойынша қызметтік тексеріс бастады
«Оқиғаның барлық мән жайы анықталуда. Тергеу әрекеттері менің жеке бақылауымда. Осы дерек бойынша полиция қызметкерлеріне сондай ақ олардың басшыларына қызметтік тергеу тағайындалды. Қорытындысы бойынша қатаң жауапкершілікке тартылады», — деді Қарағанды облысы ПД бастығы Нығмет Исмағұлов.
52 жастағы марқұм күдіктімен 10 жыл бұрын заңды түрде ажырасқан екен. Кейін татуласып, бірге тұрып келген. Бірақ соңғы айда бұрынғы күйеуі жұмыстан шығып қалып, үйде жүрген көрінеді. Жанжал осыдан кейін жиілепті. Соңы қайғылы аяқталды.