«Қара бүркіт» колониясында өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар, яғни жеке адамға, қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпке қарсы аса ауыр қылмыс жасағандар жазасын өтейтіні белгілі. Бұл ретте, осы түрмеде отырғандар мен ондағы ерекше тәртіпке қатысты материалды көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдік.
«Қара бүркіт» атауымен елге белгілі түрменің ресми атауы – ҚР ІІМ ҚАЖК Қостанай облысы бойынша ҚАЖД «№39 мекеме». Колония Жітіқара қаласынан 45 шақырым жерде орналасқан. Ол 1961 жылы жалпы режимдегі түзеу-еңбек колониясы ретінде ашылды. Ол кезде колония аумағында бірнеше кәсіпорын жұмыс істеді, оның ішінде техникаға арналған бөлшектер жасалатын радиоцех болды. Кейіннен ол ерекше режим тәртібіне ауыстырылып, 2004 жылы мекеме өмір бойына бас бостандығынан айырылғандарды қабылдады. Қазір «Қара бүркіт» Қазақстандағы «төтенше қауіпсіздік» мәртебесі бар жалғыз колония.
Тазалық пен тәртіп
Жабық тәртіптегі осы нысанға жету үшін көлік жүргізудегі шеберлік болуы керек. Колонияны өркениетпен байланыстыратын жолдың жағдайы нашар, яғни тас жолмен жиі жүретін ауыр жүк көліктері асфальт бетін шұңқырға айналдырды.
Жалпы, колония жергілікті аймақ және шаруашылық учаскесі деп екіге бөлінген. Негізгі аумақта өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар жазасын өтеп жатыр. Соңғы мәліметтерге қарағанда, олардың саны 200-ге жуық.
Түрмедегі басқа да аумақтың тазалығын, сондай-ақ тамақ әзірлеуге сотталған шаруашылық қызметкерлері жұмылдырылған. Шаруашылық қызметтегі осы сотталғандардың саны 60-қа жуық.
Оларға асхана, наубайхана, спорт алаңы, демалыс бөлмелері бөлінген.
Сондай-ақ онда кітапхана бар, әртүрлі саладағы 3000-нан астам кітап жинақталған. Барлық әдебиеттер міндетті түрде тексеріледі және тыйым салынған кітаптар мекеме аумағына өткізілмейді.
Түрме аумағындағы ғимарат пен аулаға жақсы күтім жасалатыны байқалып тұр.
Колонияға сырттан келген адамдар міндетті түрде тексеру аймағынан өтуі керек. Мұнда бәрі қатаң — ережемен міндетті түрде танысу ескерілген, оның ішінде тыйым салынған заттарды әкелгендердің жауапкершілігі туралы ескерту жасалады. Құжаттарды толтырғаннан кейін, жауапты қызметкер тексереді. Кенеттен қауіп төнген жағдайда құтқару үшін барлық келген адамға арнайы түймесі бар пульт беріледі.
Өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар
Өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілгендерге қатысты жағдай мүлдем басқаша. Сотталғандар жазасын әдетте бірнеше адамнан тұратын камераларда өтейді (ең көбі төрт адамға дейін).
Оларға камерадан шығуға тыйым салынған. Тек душқа барған кезде (аптасына екі рет), медициналық және тәрбиелік іс-шараларға қатысуға, сондай-ақ серуендеуге және туыстарымен кездесу кезінде ғана камерадан шығуға рұқсат етіледі. Оқуға керек кітаптарды алуға болады.
Сотталған адамның дәрежесіне қарай (жағымды мінез-құлықтың үш дәрежесі бар: бірінші, екінші және үшінші, сонда-ақ жазаны өтеу шарттарын бұзғаны үшін берілетін жағымсыз мінез-құлықтың үш дәрежесі: бірінші, екінші, үшінші), сәлемдемелерді алып, жақындарымен кездесулерге рұқсат беріледі.
Былтыр шілде айынан бастап ұзақмерзімді кездесу рұқсат етіліп, қалыпты және жеңілдетілген жағдайда сотталғандарға арналған. Ол үшін арнайы бөлме жабдықталды. Ұзақмерзімді кездесуге тек жақын туыстарға ғана жіберіледі және жылына екі ретке дейін рұқсат берілген.
Жазасын өтеудің жеңіл жағдайы қарастырылса, онда күніне бір рет 1,5 сағатқа дейін серуендеуге болады (қатаң жағдайда отырғандарға бір сағат қана беріледі).
Серуен кезінде көк аспанды темір тордан ғана тамашалай алатын арнайы аулаға шығарылады. Онда да олар қызметкерлердің бақылауында болады.
Ғимараттан медициналық бөлімшеге барғанның өзінде сотталған адам арнайы көзілдірік тағады, яғни бұл әрекет олар өзінің барған жолын білмес үшін жасалады.
Өмір бойына бас бостандығынан айырылғандарға тамақ күніне бірнеше рет жеткізіледі. Олармен тікелей байланыс жоқ.
Бұл әдіс мекеме қызметкерлерінің қауіпсіздігі үшін қолданылады. Тамақтандыру жұмыстарын «Еңбек» РМК филиалы жүзеге асырады. Оларға әдетте ботқа, жұмыртқа, жеміс-жидек және көже береді. Әр бейсенбі сайын балықтан жасалған тағам таратылады.
Жалпы, бір сотталғанға күніне 5 мың теңгеге жуық қаржы жұмсалады (4 780 теңге). Бұл сомаға азық-түлік, киім-кешек пен керек-жарақтар, коммуналдық шығындар кіреді.
Түрме аумағындағы іскер адамдар
«Қара бүркіт» аумағында өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар жұмыс істей алатын тігін цехы алғаш рет ашылды. Жоба 2021 жылдың қарашасында іске қосылды.
Бүгінде онда екі кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Олардың әрқайсысы жұмыс киімдерін, матрацтар және басқа да заттарды алады. Кез келген сотталған адам тігін машинасына отыра алмайды, яғни тыңғылықты іріктеуден өтеді. Қазір онда 20-дан астам адам жалақысын алып жүр.
Өндірісте жұмыс істеп жүрген сотталған А. есімді адам кісі өлтіргені үшін жазасын өтеп жүргенін айтты. Ол тігіншілікті бастапқыда білмесе де, кейіннен осы мекемеде үйренген.
«Жұмыс күні стандарт бойынша басталады. Біз ауысымды таңғы 9-да бастаймыз. Цех іске қосылған алғашқы күннен бастап жұмыс істеп келемін. Бастапқыда біз ештеңе білмедік, бірақ бірте-бірте тәжірибе жинақтадық. Әдетте, тапсырыспен тігеміз», — деп түсіндірді ол.
Жұмыс орындарының енгізілуінің арқасында сотталғандар істі болғандағы талап-арызды өтеуге (егер олар үкім бойынша бар болса), сондай-ақ жақындарына материалдық көмек көрсетуге мүмкіндік алды.
Жаңа корпус салынуы мүмкін
Kazinform агенттігінің тілшісі аталмыш мекеме басшысының міндетін атқарушы Асхат Қанафинді әңгімеге тартып, одан осы колония атауының шығу тегі туралы сұрады.
«Оның бірнеше нұсқасы бар. Бірінші оқиға бойынша жараланған қара бүркіт колония аумағына құлаған. Сотталғандар оған күтім жасап, кейін ұшырып жіберген. Екінші нұсқада бұл құстардың осы өңірде көптеп кездесуі себеп болды деп айтылып жүр», — деді басшының міндетін атқарушы.
Колонияның жеке «коммуналдық қызметі» бар — су мұнарасы мен кәріз жүйесі жасақталған. Бұрын өнеркәсіптік кешен де болса, қазір техника жөндейтін гараж және электр цехы ғана жұмыс істеп тұр.
«Қазір осында өз жазасын шаруашылық қызметте өтеп жүргендер болғандықтан, өнеркәсіп аймағы керек емес. Олар жұмысқа орналасқан және басқа қызмет түрлеріне тартылмайды», — деп түсіндірді А.Қанафин.
Түрмені орналастыру жері ретінде Қостанай облысының жазығын таңдау кездейсоқ емес. Мұнда бірнеше фактор бар, яғни елді мекендерден қашықта орналасуы мен аумақты шолғындаудың жеңілдігі себеп болды. Мекеме жазықта орналасқан – мұнда назардан тыс қалу мүмкін емес.
Өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар бірнеше корпуста жазасын өтеп жатыр. Сонымен қатар, өмір бойына бас бостандығынан айырылғандарды орналастыру үшін 140 орындық лимиті бар тағы үш қабатты ғимарат салу жоспарланған. Қазіргі кезде жоба пысықталып жатыр және одан әрі іске асыру сатысында.
Атап айтқанда, колонияда медициналық көмекті тәуліктің кез келген уақытында алуға болады.
2020 жылдың тамыз айында «Қара бүркіт» түрмесінің басшысы пара алғаны үшін ұсталды.
Осыдан кейін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу жұмыстары күшейтілді.
«Қазір Антикордан, ҚАЖ департаментінен мамандарды шақырып, тәрбие жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Жауапкершілік туралы айтып, танымдық бейнероликтер көрсетеміз. Тексеру күшейтілді –тыйым салынған заттарды өткізбеу мақсатында қызметкерлер де тексеріледі», — деді спикер.