Алматыда жеңіл рельсті көліктің бірінші желісін салу шеңберінде биыл техникалық-экономикалық негіздеме (ТЭН) әзірленеді, деп хабарлайды QazTimes ақпарат агенттігі.
Бас жоспарға сәйкес оның ұзындығы 31 км болады. Маршрут батыс бағытта Төле би көшесімен Алтын Орда көшесіне дейін, одан әрі «Барлық» базарына дейін салынады. Солтүстік бағытта – Момышұлы көшесімен Төле би көшесінен Алатау ауданындағы индустриялық аймаққа дейін. Шығыс бағытта – Төле би көшесінен Желтоқсан көшесімен Райымбек даңғылына дейін және одан әрі қала шекарасы шегінде «Халық Аренаға» дейін.
«Бірінші LRT желісі негізінен трамвай жолдары бұрын болған жерлерде өтеді. Ол қаланың шығысы мен батысындағы көлік хабтарын, сондай-ақ, Алатау ауданындағы индустриялық аймақты байланыстыратын болады. LRT желісінің түпкілікті трассасы ТЭН әзірлеу процесінде айқындалатын болады», — деп түсіндірді әкімдікте.
Жүрдек автобус желілеріне тоқталсақ, оларды екі бағыт бойынша құру жоспарлануда.
Біріншіден, «Алматыгенплан» екі кезекпен Райымбек даңғылы бойынша желіні тұрғызудың жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуді жүргізеді.
Бірінші кезек сатып алу және бұзу процедурасын қажет етпейді. Сараптама қорытындысы 2024 жылдың наурыз айында алынады. Екінші кезек бойынша қорытынды 2024 жылдың тамызында дайын болады.
Жобалық шешімдер BRT-ның, оның ішінде Өтеген батыр көшесінен Әуезов көшесіне дейін және Сейфуллин даңғылынан Пушкин көшесіне дейін сол жақ жолақпен аралас өтуін көздейді.
Қалған учаскелерде қоғамдық көлік қозғалысының басымдығын қамтамасыз ете отырып, оң жақ жолақ бойынша BRT-дан өту жоспарлануда.
«Көлік схемасында Райымбек даңғылының жеке көлікке арналған қиылыстардағы өткізу қабілетін сақтау және арттыру көзделген», — деп атап өтті әкімдікте.
Екіншіден, Жетоксан көшесі бойынша Райымбек даңғылына дейінгі ұзындығы 4 км желі құрылысының жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Жалпы жұмыстарды аяқтаудың жоспарланған мерзімі-2024 жылдың қыркүйек айы.
Дереккөз: lsm.kz