Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет спортты дамытуға бөлінген қаражатқа қатысты тексерісті бастады, деп хабарлайды QazTimes агенттігі. Антикор бұл саладағы жемқорлықтың себептері мен жағдайларын толықтай анықтайтындарын хабарлады. Алдымен ең көп қаржы бөлінген спорт саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізеді. Тексеру нысанына облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы, әрі оған қарайтын ұйымдар ілініп отыр.
«Бұдан бөлек, спорттық іс-шараларды, жиындарды, жабдықтарды, спорттық тамақтануды сатып алуды, оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыруды қамтамасыз ететін бюджеттік және бюджеттен тыс көздер зерделенетін болады.Талдау Департаменттің, мүдделі мемлекеттік органдардың қызметкерлерімен және азаматтық қоғам өкілдерімен жүргізіледі», — деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет.
Сонымен қатар, Антикор өкілдері Сыбайлас жемқорлықты анықтауға қатысуға шақырды.
«Егер Сізде жемқорлық тәуекелдері туралы ақпарат болса немесе спортты қаржыландыру саласын жетілдіру бойынша ұсыныстарыңыз болса, оларды [email protected] электрондық поштасына жіберуіңізді сұраймыз», — делінген хабарламада.