Боливияда әскерилер ел үкіметін өз бақылауына алуға талпынғанымен мемлекеттік төңкеріс сәтсіз аяқталды. The Associated Press. жазуынша елде үш сағат бойы билікті әскери күшпен басып алудың қарқынды сценарийі байқалды. Көшелер әскерилерге толып, бронды техникалар ел астанасы Ла-Пастағы үкімет сарайының есігін қағып, президент Луис Арсе үкіметін бақылауға алды.
Жоғары дәрежелі генерал Хуан Хосе Суньиги әскери күштер елді құртып, оны дағдарысқа апаратын саясаткерлердің әрекеттерінен шаршағанын, осыған байланысты қарулы күштер «нағыз демократияны» қалпына келтіруге ниетті екенін айтты. Бірақ президентті құлату әрекеті сәтсіз аяқталған. Жеме жемге келгенде Л.Арсенің саяси қарсыластары да демократияны қорғау және көтерілісті болдырмау үшін президентті қолдап шыққан.
Бір сағат өтпей-ақ президент Л.Арсе армияның, флоттың және әуе күштерінің жаңа басшыларын жариялады, содан кейін әскерлер көтерілісті тоқтатып, шегінді. Бүлікшіл армияның бас қолбасшысы генерал Х.Суньиги тұтқындалды. Бас прокурор тергеуді бастады. Әскери-теңіз күштерінің вице-адмиралы Хуан Арнес Сальвадор да қамауға алынды.