ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров брифингте Астанада Сирия бойынша келіссөздер өтетінін айтты, деп хабарлайды QazTimes агенттігі.
«24-25 қаңтарда Қазақстан астанасында Астана процесі аясында Сирия бойынша 21 халықаралық кездесу өтеді. Келіссөздерге Ресей, Түркия, Иран, Сирия үкіметі және Сирия оппозициясы делегациялары қатысады. Бақылаушылар ретінде Иордания, Ирак және Ливан өкілдері қатысады. Сондай-ақ БҰҰ Босқындар жөніндегі комиссары және халықаралық Қызыл крест комитеті өкілдері бар. БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы өкілі Гейр Педерсен қатыспақ», — деді Айбек Смадияров.
Алдын ала күн тәртібінде Сирия төңірегіндегі өңірлік ахуалды дамыту мәселелері, гуманитарлық ахуал, Сирияны жанжалдан кейінгі қалпына келтіруге жәрдемдесу мақсатында халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін жұмылдыру және басқа да мәселелер қарастырылған.
«Естеріңізде болса, өткен жылы біз Қазақстанның Астанадағы аумағында Сирия процесі бойынша келіссөздерді тоқтаттық. Бірақ бір ескертпемен, егер кепілгер елдер бізге осындай өтінішпен жүгінсе, өткізіледі. Уақыт өте ұжымдық үндеу келіп түсті, біз қарастырдық және осындай шешімге келдік», — деді Айбек Смадияров.
Мұндай кездесулер үшін қанша қаражат бөлінетіні белгісіз қалды. Сирия бойынша 20-шы халықаралық кездесу Қазақстанда 2023 жылдың басында өтті.
БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының жариялаған мәліметі бойынша, 13 жыл бұрын басталған қақтығыс кесірінен 13 млн-ға жуық сириялық ашқұрсақ халде. Сонымен қатар тағы 2,6 млн адамға аштық қаупі төніп тұр.