Риддер қаласындағы жалғыз медициналық мекеме жабылып қалмақ. Ал қала қалқы инсульт, инфаркт, онкологиялық аурулар мен туберкулездің тарауы бойынша өңірде алдыңғы қатарға шықты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Риддер қаласындағы медициналық жағдайдық ауыр ахуалы туралы мәселені депутат Ерлан Саиров мәлімдеді. «AMANAT» фракциясының депутаттарына Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласының тұрғындары жүгінген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев адами капиталды дамытудың маңыздылығы туралы үнемі айтады. Қала халқы ең маңызды әлеуметтік қамту түрі – медициналық көмек көрсетілу деңгейінің тым төмен екенін айтып, шағынданған.
«Қалада ластану деңгейі жоғары, сондай-ақ жарақат пен күйік қаупі үлкен, сондықтан индустриалды болып саналады. Сәйкесінше, бұл денсаулық сақтау көрсеткіштерінің динамикасына әсер етеді. Риддер қаласында облыс бойынша орта есеппен инсульт, инфаркт, онкологиялық аурулар және туберкулездің өте жоғары деңгейі байқалады. Осыған байланысты, шұғыл медициналық көмек көрсету және өмір сүрудің жоғары деңгейін қамтамасыз ету үшін адамдардың кардиологиялық, инсульттік, травматологиялық және күйік төсектеріне үздіксіз қол жеткізуі қамтамасыз етілуге тиіс», — деді Ерлан Саиров.
Алайда, қаланың жалғыз медициналық мекемесі апатты жағдайда екені көп жылдар бойы айтылып келеді. Емхана ғимараты 1939 жылы, педиатриялық бөлімше ғимараты 1941 жылы салынған.
«Ғимараттар әбден ескірген, еш санитарлық-эпидемиологиялық талапқа сәйкес келмейді. Халықтың шұғыл қажеттілігі мен өтініштеріне байланысты, 2021 жылы облыс әкімдігі Риддер қаласында 200 төсектік стационары және ауысымына 500 келушіге арналған емханасы бар көпбейінді аурухана кешенін салу туралы шешім қабылдады. Құрылыс жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта стационардың барлық бөлімшесі уақытша бір корпуста тар жағдайда орналасқан. Сондықтан 6 және одан да көп төсек-орынды палаталарға орналастыруға мәжбүр», — дейді депутат.
Реанимациялық бөлімшенің ауданы нормаларға сәйкес келмейді, үш бөлімшеге жалғыз операциялық бөлме бар. Стационардың қабылдау бөлмесі де әбден тозған, талапқа сай емес. Адамдар медициналық көмек алмай отыр және облыс орталығына еріксіз тентіреуге мәжбүр.
«Аймақ басшылығы мәселені шешу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда. Бірақ мұндай нысанды қаржыландыру бір облыстық бюджеттің қолынан келмейтінін мойындауымыз керек. Жергілікті бюджеттен 3 миллиард теңге бөлінді. Биыл республикалық бюджеттен тағы 2 млрд. теңге бөлінеді. Бірақ бұл қаражат жетпейді! Қаржыландырудың осындай баяу қарқынымен қаланың тіршілігін қамтамасыз ететін бұл нысан ұзақ мерзімді қалпына келтіру нысанына айналуы мүмкін», — деді Мәжіліс депутаты.
Өңірге барып, медициналық мекемені өз көзімен көріп қайтқан Мәжіліс депутаттары қалыптасқан жағдайды «гуманитарлық апат» деп атап, тығырықтан шығудың жолдарын ұсынды.
«Біздің елде адамдардың өмірі мен денсаулығы – ең жоғары құндылық! AMANAT фракциясы келесі шұғыл шараларды қабылдау қажет деп санайды:
— Риддер қаласында төтенше жағдай режимін жариялау;
— жағдайды зерделеу және жедел шешімдер қабылдау үшін мүдделі министрліктер мен ведомстволар, сондай-ақ депутаттар қатарынан топ құру;
— аурухана салу және қала тұрғындарының медициналық көмекке қолжетімділігін қалпына келтіру үшін Үкімет резервінен қаражат бөлу;
— ең заманауи жабдықтармен жабдықталған Риддердегі аурухананың жедел құрылысы туралы мәселені шешу!» — деген ұсынысын айтты.
Еске салайық, бұған дейін БАҚ беттерінде Риддер ауруханасында барлық санитарлық норма бұзылғаны жайлы ақпарат жарық көрді. Тіпті, дәрігерлер кабинеттері палаталарға айналдырылған. Себебі, бір ғана ауруханаға елу мыңға жуық тұрғын тіркелген. Бес медициналық бөлімше үш бөлімшеге біріктірілген.
Емдеу мекемесінде санитарлық нормалар қатаң бұзылған. Бір кісілік орынға жеті шаршы метр қарастырылған. Ал оның аумағы бұдан үш есе артық болуы шарт. Орын тапшылығы мәселесін уақытша шешу үшін дәрігерлер жұмыс орындарын босатуға мәжбүр болған.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, жаңа медициналық кешен құрамындағы емхана жыл соңына дейін тапсырылады. Ал күндізгі стационар келер жылы қолданысқа беріледі. Сонымен қатар бұған дейін жоба құжаттамасына бірсыпыра өзгерту енгізілген.
Бұған дейін, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Мәжілістің жалпы отырысында Үкіметтің өткен жылы қыста болған олқылықтарды қайталауға хақы жоқ екенін айтқан.
«Шіріген труба, ескірген қазандық, «кеңестік заманнан қалған» насостарды ауыстыратын уақыт өтіп кеткенін бәріміз білеміз. Өткен жылы жылу саласындағы инфрақұрылымның тозуын азайту мақсатында арнайы 160 миллиард теңге қаржы бөлінсе де, шықырлаған аязға төтеп бере алар емеспіз. Жыл басында Парламентте Жоғарғы аудиторлық палатасының «Жылумен жабдықтау саласы» бойынша қорытынды есебінде 100-ден аса нақты ұсыныстар мен жүйелі сындар айтылды. Ұсыныс ретінде берілді», — деген еді Саиров.
Оның айтуынша, Үкіметтен сол ұсыныстар бойынша не жауап, не атқарылған істі көрмеген. Депутат аурухана мәселесі де назарсыз қалуы мүмкін деп алаңдайтынын айтты.