Түркістанда «Ел бақыты – еңбек пен бірлікте» тақырыбында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVI сессиясы өтті. Онда қазақ отбасына келін болып түскен орыс қызы көпшілік алдында сәлем салып, ақсақалдардың батасын алды.
Сессияға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшелері мен облыстық мәслихат депутаттары және этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері қатысты.
Сессия барысында Түркістан облыстық славян этномәдени бірлестігінің мүшесі Елена Стребкова сөз сөйлеп, өңірде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бойынша мазмұнды баяндама жасады.
«Ұлтым орыс болғанмен, мен қазақтың келінімін. Сондықтан қалың елдің алдына шыққан соң қазақтың салты бойынша сәлем салу – келіндік міндетім, құрметім. Ал үлкендердің, халықтың батасын алу – мен үшін мәртебе», — деген ол үлкен залда көпшілікке иіліп сәлем беріп, қошеметке бөленді.
Елена Кентау қаласында тұрады. Талдықорған қаласында туылғанымен, Кентауға келін болып түскен. Қазір қаладағы Ю.Гагарин атындағы №16 мектеп-гимназиясында ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Жолдасы Нұрсұлтан – үйдің ең кенжесі болғандықтан, қарашаңырақта қалған. Бүгінде ата-енесімен бірге тұратын орыс қызы күнделікті келіндік міндетін абыроймен атқарып келеді. Таңертеңмен сәлемін салып, қариялардың шәйін дайындайды. Бауырсақ пісіріп, бешмармақ жасайды. Үш қыз өсіріп отырған жас отбасы салт- дәстүр мен әдеп-ғұрыпты да берік ұстанады.
«Қазақ әулетіне келін болып табалдырық аттаған күннен бастап енем өзі бас-көз болып, қазақ халқының салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын үйретті, қазақы тәрбиеге баулыды. Қазақ отбасына келін болып түсуім де қазақ тілін тереңдей меңгеруге септігін тигізді. Еліміздің әрбір азаматы мемлекеттік тілді меңгеріп, еркін сөйлей алса, оның артықшылығы жоқ деп ойлаймын. Бұл — өзің өмір сүретін елге деген құрметтің белгісі. Сондықтан мемлекеттік тілді үйрену – әр қазақстандықтың азаматтық парызы деп есептеймін», — деді Елена.
Сессия мәжілісінде «Ахыска» түрік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Венера Саражова, Төлеби аудандық өзбек этномәдени бірлестігінің мүшесі Жамал Кадиров облыс көлемінде жүзеге асып жатқан қайырымдылық шаралары, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, медиация және тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның дамуына жастардың қосқан үлесі жайында баяндама жасады.
Ал, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев өңірде жүзеге асып жатқан жұмыстар бойынша айтып өтті.
«Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жүректен – жүрекке» ауқымды акциясы аясында Түркістан облысы игі миссияның көшбасшысы болды. Су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға түркістандық Ассамблея құны 150 миллион теңгеге жуық 630 тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберді. Бұл жұмыс әлі де жалғасуда», — деді Бейсенбай Тәжібаев.
Марат Әзілханов таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында жүктелген мақсат-міндеттерге тоқталды. Сондай-ақ, күрделі кезеңде тасқын судан зардап шеккендерге көмек көрсеткен барша түркістандықтарға алғыс айтты.
Сессия мәжілісінің соңында этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар азаматтар арнайы марапатқа ие болды.