Бүгін, яғни 7 қазан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген?
73 жыл бұрын (1951) актер, әнші, Қазақстаның халық әртісі, Қырғызстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері Досқан Қалиұлы ЖОЛЖАҚСЫНОВ дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында туған. Алматы мемлекеттік өнер институтын бітірген.
1971 жылдан қазіргі Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының актері, 1995-2001 жылдары осы театрдың директоры әрі көркемдік жетекшісі болған.
Актер театр сахнасында және кинода 200-ден астам бейнені сомдаған. Сонымен қатар, халық әндері мен қазіргі қазақ композиторлары әндерін шебер орындаушы ретінде кеңінен танымал. Жолжақсынов ұлттық кино өнерінің дамуына өз үлесін қосып, «Гауһартас», «Даладағы қуғын», «Алтын күз», «Омпа», «Ақ барыстың ұрпақтары», «Көшпенділер», «Біржан сал» және т.б. фильмдерге түскен.
65 жыл бұрын (1959) саясат қайраткері, Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі Рашит Сайранұлы АХМЕТОВ дүниеге келді.

Алматы теміржол көлігі инженерлері институтын бітірген, инженер-механик (1982), Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің менеджмент және құқық институтын, құқықтану (2002) бітірген.
Еңбек жолы: Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының «Нұржанар» ААҚ президенті болып қызмет істеген. 2005 жылдан бастап ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы, Беларусь Республикасы Парламентімен, Канада Сенатымен, Француз Республикасы Сенатымен ынтымақтастық тобының мүшесі болды. 2017-2022 жылдары – ҚР республикалық бюджетінің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің мүшесі.
ҚР Парламенті Сенатының 2022 жылғы 1 желтоқсандағы қаулысымен ҚР Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі болып тағайындалды.
«Құрмет», «Парасат» ордендерімен, медальдармен марапатталған.
48 жыл бұрын (1976) – VII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Константин Викторович АВЕРШИН дүниеге келді.

Талдықорған қаласында туған. Брайтондағы (Ұлыбритания) Беллербис колледжін бизнес және экономика мамандығы бойынша (1995) бітірген; Англия Рускин университеті, Еуропалық бизнес және экономика, Кембридж (Ұлыбритания), Бизнес және экономика (1998); Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік басқару академиясында (2018 ж.) білім алды.
Еңбек жолы: 1998-1999 жылдары «KEGOC» АҚ коммерциялық бөлімінің маманы. 1999-2001 жылдары «Кедентранссервис» ЖАҚ коммерциялық департаментінің бас менеджері. 2009-2011 жылдары Еуропалық авиацияның аймақтық өкілі. 2013 жылдан бастап «Red Dragon Almaty» ЖШС құрылтайшысы.
2022 жылдың наурыз айынан бастап қазіргі қызметінде.
«Экономика мақтанышы», «Құрмет» ордендерімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл», «Қазақстан Конституциясына 25 жыл», «Қазақстан мәслихаттарына 25 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл», «Арнайы жасақтағы қызметі үшін» медальдарымен, ІІІ дәрежелі «ҰҚҚ – КНБ – Қазақстан» төсбелгімен марапатталған.
45 жыл бұрын (1979) Қазақстан Республикасы Әділет министрі Азамат Несіпбайұлы ЕСҚАРАЕВ дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірген.
Еңбек жолын 2000 жылы ҚР Әділет министрлігі Заңнама департаментінің жетекші маманы болып бастаған. 2000-2005 жылдары ҚР Әділет министрлігінде бас маман, Заңға тәуелді нормативтік актілердің жобаларын сараптау және дайындау басқармасы бастығының орынбасары — бөлім бастығы, Заңнама департаментінің өндірістік саланың заңға тәуелді нормативтік актілерін сараптау бөлімінің бастығы, Заңнама департаменті басқармасының бастығы, Заңға тәуелді актілер департаменті басқармасының бастығы болған. 2005-2006 жылдары Алматы қаласы әкімінің бас инспекторы. 2006-2007 жылдары – «Қазына» орнықты даму қоры» АҚ Заң қызметі департаментінің бас менеджері.
2007-2012 жылдары ҚР Әділет министрлігінде әртүрлі лауазымдарда жұмыс істеді: құқықтық мәселелер жөніндегі консультант, Ішкі әкімшілік департаментінің жетекші маманы, министрдің көмекшісі, Талдау және стратегиялық жоспарлау департаментінің директоры, Заңнама департаментінің директоры. 2012-2014 жылдары ҚР ЭҚСЖҚКА инспекциясының ұйымдастыру-бақылау департаментінің бастығы болған. 2014-2019 жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Заң бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарған. 2019-2023 жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі Заң бөлімінің меңгерушісі.
ҚР Президентінің 2023 жылғы 4 қаңтардағы Жарлығымен ҚР Әділет министрі болып тағайындалды.
2023 жылғы 4 сәуірде ҚР Президентінің Жарлығымен ҚР Әділет министрі болып қайта тағайындалды.