Қазақстан мен Түркия балабақшаларының оқу бағдарламасына қазақтың ұлттық ойыны енгізілді.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының мәліметінше, бүгінгі таңда еліміздің және Түркияның бірқатар балабақшасының оқу бағдарламасына қазақтың ұлттық «Бестемше» ойыны енгізілген.
«Бестемше» — әлемдік мәдениеттің озық үлгілерімен бой теңестіре алатын, тоғызқұмалақ ойынының ықшамдалған түрі.
Кішкентай балалардың қауіпсіздігі мен мүмкіндіктерін ескере отырып жобаланған.
Бестемше ойыны қазір 2023-2025 жылдарға арналған «Мектепке дейінгі білім беру педагогтерінің, тәрбиешілері мен дене шынықтыру нұсқаушыларының кәсіби құзыреттілігі мен дағдыларын дамыту» атты біліктілікті арттыру курсында педагогтерге оқытылып жатыр.
«Құндылықтарға негізделген білім беру жобасы аясында „Бестемше“ ойынының балабақша жасындағы балалар арасында ойнатылуы — баланы тек ойынға баулу емес, ұлттық мәдениетімізбен таныстырудың алғашқы қадамдары. Аталған ұлттық зияткерлік ойын арқылы балалардың логикалық ойлау қабілеті, сараптама жасау, шешім қабылдау дағдылары қалыптасады, алғырлығы, зеректігі де арта түседі», — дейді бестемше ойынының авторы, орталықтың тренер-лекторы, қазақтың ұлттық бестемше ойынын дамытушы, ф.ғ.к. Мақсат Шотаев.
Онда ойынның мақсаты, ережесі және шарттары түсіндіріліп, ұлттық спорттың ерекшелігі дәріптелуде.