Түркістанда тұрғындар мен еріктілер “Таза Қазақстан” ұлттық жобасы аясында өткен сенбілікке белсене қатысты. Бүгінгі шара барысында қаладағы 26 аумақ тазартылды.
Сенбілікке 1000-ға жуық адам қатысып, көше бойларын тазалап, жиналған қоқысты және кесілген ағаштарды тасымалдауға коммуналдық мекемелердің қызметкерлері мен 20-дан астам техника жұмылдырылды. Қураған өскіндерді қырқуға 50 арнайы техника пайдаланылды.
Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков сенбілік жұмыстарын бақылап, тазалық шараларының дұрыс орындалуын тексерді. Әкім ұлттық жоба аясында бекітілген тапсырма-жоспардың орындалуын жеке қадағалайтынын айтып, сектор басшыларына көпқабатты үйлердің аулаларын күтіп-ұстау және тазалық шараларын ұйымдастыруда Мүлік иелері бірлестігінің белсенділігін арттыру қажеттігін ескертті.
Түркістандағы тазалық шаралары қала тұрғындары мен еріктілердің ортақ күш-жігері арқасында сәтті жүзеге асты.