Түркістан облысындағы зауыт жылына 10 мың тонна құбыр шығарады. Зауыт аулдық жердегі 35 адамды жұмыспен қамтып отыр, деп хабарлайды SteppeNews ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Зауыт жұмысы қызу жүріп жатыр. Себебі өңірде қазір газдандыру, ауыз сумен қамту бірінші кезекте тұр. Ал оған пайдаланылатын құбырлар дәл осы Сайрам ауданынан шығады.
Түркістан облысы Сайрам ауданында полиэтилен және поливинилхлорид құбырларын шығаратын зауыттың жұмысымен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері танысып қайтты. Кәсіпорын өнімдеріне соңғы кездері сұраныс та артқан. Себебі, су, газ жүйелері мен дренаждық ұңғымаларды ауыстыру ісі өңірде қарқын алған. Әрі ауыл-аймақты газдандыру белсенді жүріп жатыр.
Мемлекеттік бағдарлама негізінде іске қосылған «Оңтүстік Қазақстан полиэтилен құбырлары» зауыты бастапқыда резеңке мен пластик бұйымдар шығарса, кейіннен су құбыры өндірісін қолға алған. Қазіргі таңда 35 адам тұрақты жұмыспен қамтылған зауытта полиэтилен және поливинилхлорид құбырларының түр-түрі шығарылады.
«Дайын өнім негізінен газ бен суды тасымалдауға және құрылысқа пайдаланылады. Мұнда жылына қалыңдығы 630 миллиметрге дейінгі ірілі-ұсақты 10 мың тонна полиэтилен құбырлары өндіріліп, еліміздің бірнеше аймағына жөнелтіледі. Ал диаметрі 400 миллиметрді құрайтын поливинилхлорид құбырларын еліміз бойынша жалғыз осы зауыт өндіреді екен. Жалпы зауытта жұмыстың басым бөлігі автоматтандырылған. Өндіріске қажетті барлық техника Германиядан әкелінген. Немістің «Крас Маффай» фирмасының қондырғылары», — деп хабарлады Түркістан облысының Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының баспасөз қызметі.
БАҚ-ның өкілдеріне арналған баспасөз турын Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы ұйымдастырды. Айта кетейік, мұнай қалдығынан жасалатын полиэтилен грануласы елімізде Павлодар қаласында ғана шығарылады.
Алайда ол тапсырыс беруші көптеген кәсіпорындардың технологиясына сәйкес келмейді екен. Сол себепті, өндіріске қажет шикізат қазір тек көршілес Өзбекстаннан жеткізіледі.
«Оңтүстік Қазақстан полиэтилен құбырлары» зауыты кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында мемлекеттік қолдауға ие болған. Қазір кәсіпорынның жылдық тауар айналымы 4 миллиард теңге.