Бүгін Астана қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына қатысушы мемлекеттердің Әділет министрлері кеңесінің бірінші отырысы ұйымдастырылды. ҚР Әділет министрі Азамат Есқараевтың төрағалығымен өткен жиынға Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан Әділет министрлері, ТМҰ-ның Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев қатысты.
Отырыс ҚР Президентінің 2023 жылғы 3 қарашадағы ТМҰ-ның Х саммитінде айтылған тапсырмасы шеңберінде ұйымдастырылғанын атап өткен жөн.
Кездесу барысында қатысушы мемлекеттердің әділет министрліктері арасындағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары қаралды. Құқықтық өзара іс-қимылды нығайту және құқықтық саладағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Отырысқа қатысушылар әділет жүйелерінде цифрландырудың маңыздылығын атап өтіп, бұл бағыт алдағы уақытта шешуші рөл атқаратынын алға тартты. Кеңестің тұрақты отырыстарында осындай тақырыптарды талқылау ведомствоаралық ынтымақтастықты тереңдетуге және ТМҰ-ға қатысушы мемлекеттердің әділет органдары жұмысының тиімділігін арттыруға мүмкіндік бермек.
Отырыс қорытындысы бойынша Кеңестің негізгі уағдаластықтары мен одан әрі жұмыс бағыттарын бекітетін Астана декларациясына қол қойылды.
ТМҰ-ға қатысушы мемлекеттердің Әділет министрлерінің келесі отырысы 2025 жылға Әзербайжан Республикасында жоспарланған.