Бұл кездесу Қызылорда қаласындағы жаңадан ашылған «Қайсар Арена» стадионында өтті. Ойында бас төрешісі міндетін швейцариялық Свен Вольфенсбергер атқарды.
Кездесу барысында қостанайлық команда сапынан Николай Сигневич 19-минутта есеп ашса, Ислам Чесноков 33-минутта басымдықты арттырды.
Осылайша «Тобыл» қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсіп, Қазақстан кубогының иегері атанды.
Қазақстан кубогы 1992 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Қазірге дейін барлығы 15 команда кубокты төбесіне көтерді. Оның ішінде «Қайрат» (Алматы) — 10, «Жеңіс» (Астана) мен «Астана» -3, «Тобыл» (Қостанай), «Ақтөбе», «Қайсар» (Қызылорда), «Ордабасы» (Шымкент) -2, «Атырау», «Ертіс» (Павлодар), «Тараз», «Шахтер» (Қарағанды), «Восток» (Өскемен), «Алматы», «Достық» (Алматы), «Спартак» (Семей) — 1 мәртеден жеңімпаз атанды.
Биыл Қазақстан кубогына Премьер-лига, Бірінші және Екінші лигадан барлығы 30 команда қатысты. Алдымен Бірінші және Екінші лига командалары алғашқы іріктеу кезеңін өткізді.
Олардың арасынан іркілмей шыққан екі клуб 1/8 финалда Премьер-лига командалары қатарына қосылды.
Жеңімпаз 2026 жылы Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңіне жолдама алады.