Футболдан Өзбекстан олимпиадалық құрамасының бас бапкері Тимур Кападзе Испаниямен өткен ойын және Олимпиадада Өзбекстан құрамасы тап болған қиындықтар жөнінде әңгімелеп берді.
Кеше, 24 шілдеде Өзбекстан құрамасы олимпиадалық футбол турнирінде алғашқы ойынын Испанияға қарсы өткізді және қарсыласына 1:2 есебімен есе жіберді.
«Бұл жерде қиындықтар кездесіп жатыр. Олимпиадалық қалашыққа келгелі бері біз әр күн сайын түрлі оқиғаларға тап келіп жатырмыз. Ғимаратқа байланысты проблема, жаттығуға бару және келу жолына байланысты келеңсіздік кездеседі. Сондай-ақ автобус уақытылы келмейді. Жолға уақыт кетеді. Оған көп уақыт жұмсаймыз. Бұл тек біздің құрамаға тән емес. Өзге командалар да дәл осындай проблемамен кездесіп отыр», — деді ол.
Тимур Кападзе олимпиадалық қалашықта тек футболға дайындық мәселесі ғана емес өзге де сұрақтарды шешуге тура келгенін айтады.
«Біз келген алғашқы күні орналыстырған ғимараттан ертеңіне шығуымызды сұрады. Аталған ғимарат бізге арналмаған екен», — деді Тимур Кападзе.
Бас бапкердің айтуынша, әр күн сайын командада түрлі жағдайлар туындайды. Оны шешуге барлығы бірдей атсалысады. Десе де бұл ұсақ дүниелер құраманың ойынға дайындалуына кері әсерін береді.
Ол басқа қалаларда футбол ойындарын өткізіп жатқан құрамаларда мұндай проблемалар жоқ екенін атап өтті. Олар орналасқан қонақ үйлерде ешқандай келеңсіздік байқалмайды.