Тараз көшелерінің бірінде құбыр жөндеу жұмыстары үшін қазылған терең шұңқырға көлік түсіп кетті, деп хабарлайды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
«16 маусымда сағат 17:50-де Төле би даңғылынан Абай даңғылы бағытындағы «Лексус RX300» маркалы автокөлігінің жүргізушісі 3.1 Кіруге тыйым салынады және 1.23 Жөндеу жұмыстары атты жол белгілерін елемей, магистральдық құбыр жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан автожолдың жабық учаскесіне кіріп, қоршалмаған шұңқырға құлаған.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан жүргізуші, оның әйелі және екі кәмелетке толмаған баласы зардап шеккен» делінген хабарламада.
Полиция қызметкерлері мердігер ұйымға қатысты қылмыстық іс қозғады. Тергеуге дейінгі тексеру жүргізілуде.
Көлік жүргізушісі жол белгілерін елемегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.
Ал, әлеуметтік желіде осы апат болған кезде түсірілген видео тарап жатыр. Онда жүргізушінің өзі де, отбасы мүшелері де жарақат алғаны айтылады.