Солтүстік Қазақстан облысындағы барлық су артерияларында тұрақты төмендеу байқалады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте СҚО әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және азаматтық қорғау бөлімінің басшысы Серік Ғайсин мәлімдеді.
Осы уақытқа дейін 3 898 үйді су басқан. 3 617 үй әлі су астында тұр. Барлығы 14 388 адам эвакуацияланып, үйлеріне 764 адам оралды.
«Бүгінде 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлемді 2 666 отбасы алды. Оның жалпы сомасы 984 млн теңгеге тең. Қала аумағында 3031 құрылымы бар 34 саяжай серіктестігі су астында қалды. Қазіргі таңда «Қазақстан Халқына» қорымен құны 2,7 млрд теңге болатын бір үлгідегі 100 тұрғын үй салу туралы меморандумға қол қойылды», — деді Серік Ғайсин.
Айта кетейік, Петропавл қаласында және аудандарда су тасқыны салдарын жою, қалпына келтіруге жатпайтын тұрғын үйді бұзу және жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін 85 мехбригада құрылған.