«Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында орманшылар бір мезетте 10 жерде шыққан өртпен күресуде.
Абай облысында орналасқан «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында кешелі бері қызыл жалын тыныштық бермей тұр.
«15 тамыз сағат 18:00-ден 16 тамыз 13:00-ге дейін орман қоры аумағында шыққан 18 өрт толықтай ауыздықталды. Мәселен, 15 тамыз күні сағат 18:39-да Бородулиха ауданы филиалындағы орманшылықта от шыққан. Тілсіз жауды сөндіруге орман өрт сөндіру бекетінің техникасы сағат 18:41-де шықты. Өрт 19:12-де өшірілген. Жалын жайылған аумақ 0,2 гектарды құрады. Өрттің шығуына найзағай себеп болған», — делінген «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватынан таратқан ақпаратта.
18 өрттің барлығы 1 сағаттың ішінде ауыздықталған. Дәл қазіргі сәтте басқа 10 жердегі өртпен күрес жалғасып жатыр.
Еске салсақ, осыған дейін Экология және табиғи ресурстар министрлігі Семей, Ертіс резерваттарында жемқорлыққа қатысты тексеру жүріп жатқанын мәлім еткен болатын.