Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы жылу электр орталығы жұмысшыларының уақтылы жалақы төленбегені үшін кінәлілер жауапқа тартылды.
«Риддер ЖЭО» АҚ мемлекет меншігіне өткеннен бері кәсіпорын қалалық «Су арнасы» мемлекеттік кәсіпорнының балансында болған. 2024 жылдың 1 тамызынан бастап жылу орталығы облыстық «Шығыс жылу» коммуналдық кәсіпорнының теңгеріміне берілді. Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, ауысу кезінде «Су арнасы» мемлекеттік кәсіпорнының жұмысшылар алдында шілде айының жалақысы бойынша қарызы болған.
29 тамызда қарыз ішінара төленген.
«Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов кәсіпорын жұмысшыларымен кездесті. Кездесу қорытындысы бойынша бүгіннен бастап жалақы төлене бастады. 8 қыркүйекке дейін жұмысшылардың жалақысы толықтай төленеді. Айта кету керек, „Шығыс жылу“ жауапкершілігін ескере отырып, кәсіпорын жұмысшыларға тамыз айына аванс берілген. Осындай жалақы бойынша қарыздарға жол бергені үшін облыс әкімі жауапты тұлғаларға тәртіптік жаза жариялады», — делінген ақпаратта.