Сенат Ресей мұнайын Қазақстан аумағы арқылы Қытайға тасымалдауды реттейтін үкіметаралық келісім туралы заңды мақұлдады.
Құжатты әріптестеріне Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Сүйіндік Алдашев таныстырды.
«Аталған хаттамаға сәйкес Ресей мұнайын Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Қытай Халық Республикасына тасымалдау жөніндегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы 2013 жылғы жасалған келісімнің қолдану мерзімін 2034 жылға дейін ұзарту және де мұнай транзитінің көлемін, тарифті өзектендіру мәселелеріне қатысты келісімге өзгерістер енгізу көзделеді.
2023 жылдың ақпанында Ресей тарапы (Роснефть) 10 жылдық кезеңге 100 млн тонна жеткізу туралы Қытай тарапымен (СПНС) келісімін ұзартып, қол қойды. Осыған байланысты, 2023 жылдың маусымында Санкт-Петербург қаласында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы екіжақты келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойылды. Хаттамада мұнай транзитінің көлемін және тарифті өзектендіру мәселелеріне қатысты келісімге өзгерістер енгізу көзделеді», — деді депутат.
Ол өзгерістердің негізлері төмендегідей:
1. Тасымалданатын мұнай көлемі жылына 7 млн тоннадан, 10 млн тоннаға дейін өседі.
2. Түймазы – Омск – Новосибирск мұнай құбырының Қазақстандық учаскесінде мұнай тасымалдау тарифі 2,1 доллар болып белгіленді.
3. Қазақстан аумағы бойынша тасымалданатын мұнай тарифі тоннасына 15 доллар құрайды.
4. Келісімнің қолданылу мерзімі 2034 жылғы 1 қаңтарға дейін ұзартылады.
5. Қазақстан тарапы мұнай тасымалдау жөніндегі көрсетілетін қызметтерге нөлдік мөлшерлеме бойынша қосылған құн салығын салады.
«Бұл ретте Қазақстан тарапы Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес қосылған құн салығын қайтару мақсаты үшін мұнайды тасымалдау бағыты бойынша тасымалдау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді халықаралық тасымал ретінде қарастырады», — деді Сүйіндік Алдашев.
Сенат депутаттары заңды мақұлдау туралы шешім қабылдады.