Қызылорда облысында есірткі егумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды Қызылорда облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, биыл Қызылорда облысы прокуратурасының үйлестіруімен Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері 2022-2023 жылдар аралығында Қызылорда облысы аумағында есірткі заты марихуананың голландиялық түрін өсірумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топты құрықтады.
«Тергеу аяқталды. Іс құжаттарымен танысу процесі жүргізілуде»,- делінген хабарламада.
Тергеу барысында салмағы 1,5 тоннадан астам есірткі заты алынып, 3 есірткі алқабы жойылды. Сот санкциясымен қылмыстық топтың 22 белсенді мүшесі қамалды.