Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров 17-18 мамырда Бішкекте болған оқиға бойынша қырғызстандықтарға бейнеүндеу жасады. Жапаров жерлестеріне ренішін жеткізіп, елдің атына кір келтіргендерін айтты. Қырғыз Прехиденті мемлекеттің қоғам өмірінде барлығын алаңдататын жағымсыз оқиғаға тап болғанын атап өтті. Оқиғаның мәнін түсінбей, арандатушылыққа бой алдырған топтардың әрекетінен қырғыз халқы мен мемлекетінің көп бөлігі сын-қатерге ұшырады.
«18 мамыр күні интернетте 13 мамырда болған оқиға туралы әртүрлі ақпарат пен бейнематериалдардың таралуының қандай салдарға әкеп соққанын көрдік. Егер құқық қорғау органдары жедел шаралар қабылдап, өз іс-әрекеттерін жұртшылыққа дер кезінде түсіндіргенде, мұндай ушығу болмас еді. Ішкі істер министрлігі 13 мамырда болған оқиғаға кінәлілерді ұстады және жедел әрекет етті. Бірақ, өкінішке қарай, жағдайды шиеленістіруге мүдделі басқа күштер мұны пайдаланып кетті», — деді ол.
Заңсыз жүрген шетелдік азаматтарды анықтау жұмыстарын МҰҚК және ІІМ жүргізді. Қырғызстан президенті 13 мамырдағы оқиға тергеліп жатқанда кінәлілер ұсталғанын, жағдайдың мән-жайы анықталғанын жеткізді. Бұл оқиға туралы видео 18 мамырда интернетке жүктелді және бұл жастарды одан әрі арандатып, жалған ұлтжандылық сезімін тудыратын интернет-посттармен бірге таралған.
«Алайда сіздер интернеттегі кез келген хабарға сеніп, жағдайды объективті бағалай алмай, ұлттық алауыздықты қоздыратын арандатушылық үндеулерге бой алдырдыңыздар және біздің даму жолына түскен мемлекетімізге және ежелгі заманнан бергі қонақжайлылығымен танымал халыққа зиян келтірдіңіздер. Бұл өте өкінішті! » — деп атап өтті С.Жапаров.
18 мамырға қараған түні жағдайдың одан әрі шиеленісуіне және одан да ауыр оқиғаларға жол бермеу үшін көшеге шыққан жастарды тоқтатуға күш-жігер жұмсалған.
«Жастардың күш қолдану арқылы таратылмағаны баршаға аян. Олардың арасында қару-жарақпен тәртіпсіздік жасағысы келетіндер бар екені жедел хабарланды. Милиция қызметкерлері адамдарды күшпен тарата бастағанда, олардың арасында блогерлер мен арандатушылар дайын тұрды және билік әдеттегідей қырғыздарды қорғаудың орнына басқаларды қолдады және өз халқын қорлай бастайды деп, жаппай көтеріліске шақыратын бейнехабарлама таратуды жоспарлаған. Билікке келе алмағандар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті құптамайтындар және бас бостандығынан айырылғандар әдейі арандатушылық ақпарат тарату үшін WhatsApp топтар мен жалған аккаунттар құрған», — деді ол.
С.Жапаровтың айтуынша, Қырғызстанның жас патриоттары осы бір қауіпті жағдай туралы білмеген, жастар мен бүкіл халық бұл лаңға сеніп кете жаздаған.
«Мен күш құрылымдарына жағдайды бақылауға алуға, жастармен үздіксіз түсіндіру жұмыстарын жүргізуге және еш қақтығыссыз тұрақтандыруға тырысуға бұйрық бердім», — деп түсіндірді ел президенті.
Президент тонау, полицияға шабуыл немесе жатақханалардағы студенттерге шабуыл басталған жағдайда қатаң шаралар қабылданатынын айтты. Садыр Жапаров туризм және еңбек көші-қоны мәселелерін қозғай отырып, елдің өздігінен дамымайтынын, сыртқы әлеммен тығыз байланыста алға жылжып келе жатқанын атап өтті. Болған оқиға Қырғызстандағы және қырғыз еңбек мигранттары арасындағы келім-кетімге әсер етеді.
Статистикаға сәйкес, бүгінде Қырғызстанда 6,5 мыңнан астам жұмыс орны бос тұр. Қазіргі уақытта Қырғызстанда жұмыс істейтін еңбек мигранттарының саны небәрі 5 мың 322 адам. Оған қоса, 42 620 шетелдік студент бар.