Атырау облысының Құлсары қаласында 12,1 шақырым жолды жаңартуға 2,4 млрд теңге бөлінген. Алайда, жолға төселген асфальттың қалыңдығы жобаға сәйкес емесі анықталған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облыстық департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жол құрылысы саласындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға ерекше назар аударылып отыр.
Қазір сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасына енгізілген және салынып жатқан автомобиль жолына сыртқы талдау басталды.
Мәселен Құлсары қаласындағы қайта жаңартылып жатқан жолдың сапасына мониторинг жүргізілген.
«Жылыой ауданында су тасқыны кезінде бүлінген жол қалпына келтіріліп жатыр. Аудан орталығы — Құлсары қаласының 18 көшесіндегі ұзындығы 12,1 шақырым жолды қайта жаңартуға 2,4 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Мәселен Думан шағынауданында, 181а, Балуан Шолақ және А.Бегебаев көшелеріндегі асфальтбетоннан керн алынып, қалыңдығы тексерілді. Жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес ұсақ түйіршікті асфальтбетонның қалыңдығы 4 см болуға тиіс. Алайда, асфальттың қалыңдығы 3,6 см екені анықталды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Оған «Әділдік жолы» РҚБ Атырау облыстық филиалының, мердігерлік мекеменің, авторлық және техникалық қадағалау өкілдері, сондай-ақ, Ұлттық жол активтерінің сапа орталығы Атырау филиалының инженерлері қатысқан.
Сондай-ақ, мониторинг кезінде Жылыой аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобильдер жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі Әжіғалиев көшесіне қатысты тиісті құжаттарды, атап айтқанда, ақау ведомосін және сараптамалық қорытындыны ұсынбағаны белгілі болған.