Уимблдон турнирінде үш отандасымыз іріктеу кезеңінің жартылай финалына шықты.
Әлемнің 163-ракеткасы Денис Евсеев рейтингіде өзінен 8 саты төмен тұрған франциялық Маттео Мартиноны қапы қалдырды.
Екі сағат 20 минутқа созылған кездесуде Д.Евсеев камбэк жасай алды – 6:7 (4:7), 6:2, 7:6 (10:7). Ол 11 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Мартино 9 эйс, 3 брейкпен (11 брейк-пойнт) көзге түсті.
Рейтингіде 208-орында тұрған Бейбіт Жұқаев ерледі деуге болады. Ол әлемнің 154-ракеткасы, аустралиялық Юрий Родионовты жарыс жолынан тайдырды – 7:6 (7:5), 7:6 (9:7).
Бір сағат 55 минутқа созылған бәсеке барысында Бейбіт эйс санын 21-ге жеткізіп, 3 брейк-пойнттың біреуін өз есебіне жазды. Родионов 3 эйс, 1 брейктен (5 брейк-пойнт) аса алған жоқ.
Тағы бір қазақстандық, рейтингіде 229-сатыдағы Тимофей Скатов әлемнің 158-ракеткасы, италиялық Андреа Пеллегриноны екі сетте жеңді – 6:3, 6:3. Сағат жарымға жуық уақытқа созылған ойында ол 4 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың үшеуін діттеген жеріне жеткізді. Пеллегрино 3 эйспен ғана шектелді.
Осылайша, іріктеу сайыстарының жартылай финалында Д.Евсеев әлемнің 133-ракеткасы, франциялық Титуан Дрогетпен, Т.Скатов рейтингіде 129-сатыдағы словакиялық Лукаш Клейнмен сынға түседі. Б.Жұқаевтың қарсыласы кейін анықталады. Ал М.Кукушкин әлемнің 152-ракеткасы, тағы бір франциялық Бенджамин Бонзимен кездесетін болды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің Уимблдон турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастағанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ қазақстандық теннисші Испаниядағы жарыстың 1/8 финалына шықты.