ҚР Президентінің Телерадиокешені ұжымы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Ботаникалық бақта 50 түп қарағай көшетін отырғызды.
Осылайша, іргелі медиа ұжымның 150 қызметкері биологиялық әртүрлілікті сақтауда және өсімдіктер топтамаларын өсіруде маңызды рөл атқаратын Ботаникалық бақты абаттандыруға белсенді атсалысты.
Айта кету керек, бақтың жалпы ауданы 89,1 гектарды құрайды. Оның 46,3 гектары – ерекше қорғалатын табиғи аумақ, ал 42,8 гектары – саябақ аймағы.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен республика бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасып жатқаны белгілі. Науқан бес аптаға созылады. Əр аптаның өзіндік атауы мен нақты мақсаты бар.
Алғашқы апта «Таза өлке» деп аталды. Ел тұрғындары, қоғам белсенділері, ұйымдар мен кəсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен өздеріне бекітілген аулаларды қоқыстан тазартты. «Киелі мекен» апталығында тарихи-мəдени ескерткіштер, саябақтар аумағы абаттандырылды.
Ал, «Жасыл аймақ» апталығында ағаш көшеттерін отырғызу, талдарды әктеу жұмыстары жалғасуда. Бұл игі іске белсенді атсалысқан ҚР Президентінің Телерадиокешені ұжымы экологиялық акцияларға бей-жай қарамайтынын аңғартты.
«ҚР Президенті Телерадиокешенінің ұжымы кез келген акцияға белсенді қатысып, игі істерден қалыс қалған емес. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» демекші, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы шеңберінде ұжым қызметкерлері қарағай көшетін отырғызды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жалғасып жатқан экологиялық акцияның маңызы зор», — деді Қазақстан Республикасы Президенті Телерадиокешенінің директорының орынбасары Тілеген Әбішев.
Іргелі ұжымның қызметкерлері бас қаланы жасылдандыру ісіне белсенді атсалысуға дайын екенін жеткізді.
Президенттің телерадиокешені – Қазақстанның ең ірі медиа-компаниялардың бірі. Оның құрамына: Jibek Joly, Silk Way, Silk Way Cinema телеарналары, Kazinform халықаралық ақпараттық агенттігі және деректі кино орталығы кіреді.
Естеріңізге салсақ, бұған дейін Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені ұжымы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Әбу-Даби Плаза» мен Ботаникалық бақ арасындағы 14 гектарға созылған саябақтың аумағын тазалаған болатын.