Полиция жүргізген арнайы рейдтер барысында иесіз тұрған 50-ден астам саяжай анықталды. Бағбаншылықтарда жалпы саны 13 заң бұзушылық тіркелді.
Бұған дейін жергілікті бағбандар тұрғылықты жері жоқ адамдардың саяжайларды тонап жатқанына шағымданған еді. Қаңғыбастар топтанып арақ ішіп, саяжайларда тұрған мүлікті жымқырып кетеді. Ал иесіз тұрған саяжайларды жататын орынға айналдырып алған. Полицейлер тұрғындардың шағымына құлақ түріп, «Металлург», «Яблонька», «Оңтүстік» бағбаншылықтарына рейд жүргізді.
Саяжайлар бойынша рейдтер әлі де жалғасып жатыр.
«Тәртіп сақшылары саяжай алқаптарын аралап, иесіз тұрған 50-ден астам саяжай телімдерін анықтады. Жалпы саны 13 заң бұзушылықтың жолы кесілді. Жеті адам мас күйінде ұсталса, қолға түскен тағы тоғыз адамның тұрғылықты жері жоқ екені белгілі болды. Барлық заң бұзушылармен әңгімелесулер жүргізілді», — деп хабарлады Павлодар қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Арман Қаптаев.