Орал қаласындағы «Жұлдыз» шағынауданында көктемгі су тасқынынан зардап шеккен 192 отбасы баспаналы болды.Кеше Деркөл кентінде 103, Зачаганда 80 отбасына жеке тұрғын үй кілттері табыс етілген еді.
Осылайша, Оралда саяжайларда жалғыз баспанасы тұруға жарамсыз деп танылғандар арасынан 375 отбасы жеке үйге қол жеткізді.
«Жұлдыз» шағынауданында тұрғын үй кілттерін салтанатты түрде табыстаған облыс әкімі Нариман Төреғалиев жаңа қоныс иелерін құттықтады.
«Көктемгі тасқын кезінде қаланың шетіндегі саяжайларды су басып, тұрғындар қиын жағдайға тап болды. Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасымен баспанасыз қалған азаматтарды тұрғын үймен қамту жұмысы жүргізіліп жатыр. Күні кеше Зачаган және Деркөл кенттерінен 183 отбасыға жаңа үй берсек, бүгін, міне, «Жұлдыз» шағынауданынан тағы 192 үйдің кілтін табыстап жатырмыз. Осы шағынауданда үйлерді мерзімінде әрі сапалы етіп салған 17 мердігер мекемеге ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ жеке тұрғын үйлердің құрылысына демеушілік жасаған «ERG» компаниясының басшылығына тұрғындар атынан алғысымды жеткізгім келеді», — деді өңір басшысы.
Нариман Төреғалиев өз сөзінде жаңа тұрғын үйлер орналасқан шағынауданға алдағы уақытта асфальт төселетінін, сондай-ақ балалар ойын алаңы салынатынын атап өтті.
Ізгі тілегін жеткізген облыс әкімі әр шаңыраққа бақ-береке тіледі.
Орал қаласында күні бүгінге дейін су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға 1 548 үй берілді.