Бүгін Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында қазақ боксшылары да жекпе-жекті жеңіспен бастады.
Нақтырақ айтсақ, боксшыларымыздан 63,5 келі салмақта қазақстандық боксшы Мұхаммедсабыр Базарбайұлы алғашқы кездесуін өткізіп, қарсыласынан басым түсті.

Ол алғашқы айналымда испаниялық Ойер Ибареччемен жұдырықтасты. Бұл кездесудің қорытындысы бойынша отандасымыз төрешілердің бір ауызды шешімімен жеңіске жетті.
Мұхаммедсабыр Базарбайұлының келесі жекпе-жегі 29 шілдеде Тайвань елінің боксшысы Ен Чу Лайға қарсы болмақ.
Айта кетейік, ертең, 28 шілдеде бокстан Қазақстан құрамасы сапынан ерлер арасында 92 келі салмақ дәрежесінде Айбек Оралбай, 71 келі салмақта команда капитаны Асыланбек Шымбергенов және әйелдер арасында 50 келі салмақ дәрежесінде Назым Қызайбай шаршы алаңға шығады.