Коллаж: kursiv.mediaЗаңсыз активтерді қайтару жөніндегі комиссия мемлекетке тағы 40 млрд теңге қайтарған. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады. Қайтарылған қаражат әлеуметтік мақсаттарға, оның ішінде су тасқыны салдарын жоюға бағытталады.
40 млрд теңгенің – 38 млрд теңгесі ақшалай қаражат болса, Астанадағы бизнес орталық құны 2 млрд теңге деп есептелген.
«Комиссия жалпы көлемі 40 млрд теңгеден астам сомаға заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке ерікті түрде қайтару жөніндегі келісімдерді мақұлдады, оның 38 млрд теңгеден астамы – ақшалай қаражат, сондай-ақ Астанадағы құны 2 млрд теңге тұратын бизнес-орталық», – делінген хабарламада.
Бұған қоса 7 млрд теңге сомасына инвестициялық келісімдерге қол қою мақұлданеған. Оның аясында «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» ҚР Заңы қолданылатын тұлғалар Астана және Шымкент қалаларында екі инфрақұрылым нысанын салады. Аталған жобаларды іске асыру жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді және қосымша салық түсімдерін қамтамасыз етеді.