Атырау облысындағы Махамбет ауданында су тасқынынан шурауа қожалықтары зардап шекті. Осы аудан аумағымен өтетін Атырау-Орал трассасының бірнеше тұсы жырылды.
Махамбет ауданының әкімі Қайрат Нұрлыбаевтың айтуынша, қазір егістік алқабын, өзге жер телімін су басқан шаруа қожалықтарының жетекшілерінен өтемақы алу үшін өтініш қабылдау басталған.
«Жайық өзенінің арнасынаа шыққан су тасқыны кезінде 100-ге жуық шаруа қожалығы зардап шекті. Қазір арнайы комиссия құрылып, жұмысын бастады. Шаруа қожалықтарынан өтемақы үшін өтініш қабылданып жатыр. Заңдылыққа сәйкес, шаруашылықтардың суда қалған жері әбден құрғаған соң тиісті зерделеу, бағалау жұмысы жалғасады», — деді Қайрат Нұрлыбаев.
Оның айтуынша, Махамбет ауданында Жайық өзенінің жағалауына орналасқан 17 елді мекен бар. Елді мекендерді тасқын су баспаған. Су тасқынынан қорғау мақсатында 100 шақырымнан астам қорғаныс бөгеті салынды.
«Сарайшық және Талдыкөл ауылдарына су басу қаупі төніп, Атырау-Орал трассасының 44-ші және 56-шақырымының тұсы жырылды. Қазір Сарайшық ауылы тұсындағы трассаның су басқан учаскесін уақытша қалпына келтіру жұмысы қолға алынды. Мәселен, 10 маусымда «Қазавтожол» ҰК-ның Атырау облыстық филиалы жолды қалпына келтіруді бастады. Осы кезге дейін жолға үш тұрба салынды. Тұрбаларды көбейтіп, жолды қосуға ағыстың қаттылығы себеп болып отыр. Өйткені, трассаның 44-шақырымында қатты ағыспен тасқын су өтіп жатыр. Соған қарамастан, жолдың бұл бөлігін қалпына келтіру үшін қатты тастар мен топырақ салу жұмысы үзіліссіз жалғаса береді. Жолды уақытша қалпына келтіру жұмысына тартылған адам, техника саны жеткілікті», — деп мәлім етті Қайрат Нұрлыбаев.
Аудан әкімінің дерегіне сүйенсек, Жайық өзенінің Махамбет ауданындағы бөлігінде су деңгейі күн сайын 2-3 сантиметрге төмендеп келеді.
«Қазір 4-5 ауылда әлі де қауіп бар. Сол себептен, Талдыкөл, Алға, Сарайшық, Таңдай, Еңбекшіл ауылдарында кезекшілер тәулік бойы жағдайды бақылауға алды. Ауылдарды тасқын судан бөгет қорғап тұр», — деді Қайрат Нұрлыбаев.
Атырау облысының жедел штабынан мәлім еткендей, бүгін, 13 маусымда түсқайта сағат 16:00-де Махамбет ауданында Жайық өзеніндегі су деңгейі 9 метр 77 сантиметрді құраған. Бұл ауданда қауіпті шек – 8 метр 50 сантиметр. Демек, өзен суы қауіпті шектен әлі 1 метр 27 сантиметрге артық.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда Жайық өзенінің жағалауынан құм толтырылған қапшықтар алынып жатқанын хабарлаған едік.