Астана қаласында 8-14 қыркүйек аралығында өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының мәдени шараларына Батыс Қазақстан облысынан 100-ге жуық адам қатысады.
БҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек Мұханғалиевтің Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, елордадағы этноауыл аумағында өңірден үш киіз үй тігіліп, облыс музейлерінің көрмелері жасақталады.
Қуанышбек Жанболатұлының сөзіне қарағанда, Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрының әртістері көрермен назарына ұлттық салт-дәстүрден көріністер ұсынады.
«Этноауыл аумағында орналасатын шеберлер ауылында облыстан 10 қолөнер шебері өз жұмыстарын көрсетеді. Сондай-ақ 11 қыркүйек күні 50-ге жуық өнерпаз этнофольклорлық жанрындағы концерттік бағдарламасын қояды. Қазіргі уақытта осы шараларға әзірлік жүргізілуде», — деді Қ.Мұханғалиев.
Басқарма басшысының айтуынша, алдағы уақытта Астана қаласында Ақ Жайық өңірінің мәдениет күндері, көрнекті мәдениет және өнер қайраткерлерінің шығармашылық кештері, театрлардың гастрольдік сапарлары, республикалық және халықаралық байқаулар мен айтыс өткізу көзделіп отыр.
«Сонымен қатар 2025 жылы өтетін Қадыр Мырза Әлидің 90 жылдығы, ойшыл ғұлама Ғұмар Қараштың 150 жылдығы, күйші Дәулеткерей Шығайұлының 205 жылдығы, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, домбырашы Науша Мырзагерейұлының 155 жылдығы, ақын Жұбан Молдағалиевтың 105 жылдығына орай мерекелік іс-шаралар жоспарлануда», — деді Қ.Мұханғалиев.