Алайда аталған қаржының нақты қандай іс-шараларға және қай уақытта іске асырылатыны белгісіз
ҚР Сыртқы істер министрлігінің Инвестиция комитеті инвесторларды тарту және сүйемелдеу жөніндегі іс-шараларды өткізуге 2,7 млрд теңге жоспарлап отыр, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Мемлекеттік сатып алу сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, комитет «KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамымен шарт жасасқан.
Жобаның құны — 2 732 747 000 теңге.
Келісім тікелей бір көзден сатып алу әдісі арқылы бекітілген.
Ал аталған қомақты соманың техникалық сипаттамасы көрсетілмген. Яғни, 2,7 млрд теңге болатын қаржының қандай мақсатты жұмсалатындығы белгісіз.
Тек сатып алынатын тауар тізімі ретінде «конференциялар, семинарлар, форумдар, конкурстар, корпоративтік, спорттық, мәдени, мерекелік және ұқсас іс-шараларды ұйымдастыру бойынша қызметтер» аталған.
Әлеуетті өнім беруші ретінде – «KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясы таңдалған.
Компанияның басқарма төрағасы – Ержан Иракұлы Елекеев. Ол – Қазақстанның әділет министрі, сондай-ақ мәжіліс депутаты болған Ирак Елекеевтің ұлы. Әкесі қазір Астана қаласының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы.
«Kazakh Invest» – Қазақстанның инвестициялар тартуға арналған ұлттық агенттігі. Компания Үкімет қаулысымен 2017 жылы «KAZNEX INVEST» ұлттық компаниясы» АҚ-ны ынталандыру мақсатында құрылды. Назарбаев тұсында құрылған компанияның негізгі мақсаты – Қазақстанға шетелдік инвестицияларды тарту және инвесторларға жан-жақты қолдау көрсету.
«Қазақстанның әртүрлі салаларында инвестициялық жобаларды іске асыруға көмектеседі, сонымен қатар мемлекет пен инвесторлар арасында байланыс орнатады», — делінген компания сайтында.