Аталмыш заң жобасын парламенттегі 150 депутаттың 83 депутат қолдаған. Қолдағандардың барлығы «Грузин арманы» билеуші партиясы мен солардың жақтастары «Халық күші» партиясының депутаттары. Жобаны бірінші оқылымда да осы құрам мақұлдаған.
Заңға 23 депутат қарсы дауыс берген. Ал оппозициялық партия дауыс беруден қалыс қалған.
Қарсылық білдірушілер сәрсенбі күні Парламент ғимараты алдына жиналды. Полиция ереуілге шыққан біраз адамды тұтқындаған. Заң мақұлданған соң Грузияның Ішкі істер министрлігі депутаттардың қауіпсіз шығуын қамтамасыз етіп, парламент маңындағы аумақты босатқанын мәлімдеген. Ереуілдеушілер мен полиция арасындағы қақтығыста 11 адам зардап шеккен. Оның ішінде 6 полиция қызметкері бар. Жергілікті басылымдардың хабарлауынша, ереуілге шыққандардың дені студенттер мен жастар.
Еруілдеушілердің қарсылығына қарамастан, Грузия билігі бұл заңнан бас тартпайтынын жеткізген.
«Бұл мәселе бойынша ымыраға келуге болмайды. Мамыр айының ортасында бұл заң қабылданады, ал бірнеше аптадан кейін президенттің ветосы парламентте ескеріледі, содан кейін заң күшіне енеді», – деп мәлімдеген елдің премьер-министрі Ираклий Кобахидзе.
Еске сала кетсек, осыған ұқсас заңды Қырғызстан да қабылдады. Бұл заң жобасын депутаттар 14 наурыз күні мақұлдады. Жогорку Кенеш заң жобасының коммерциялық емес ұйымдардың, оның ішінде шетелдік коммерциялық емес ұйымдардың құрылымдық бөлімшелерінің, сондай-ақ шетелдік өкілдің функцияларын жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйымдардың қызметінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында әзірленгенін мәлімдеген.
Бұл заң күшіне енсе, Қырғызстанда дәл Ресейдегідей – шет мемлекеттер, олардың мемлекеттiк органдары, халықаралық және шетелдiк ұйымдар қаржыландыратын ұйым мен жекелеген тұлғалардың қызметі қадағалана бастайды.