2023 жылдың 7 қазанынан бері Израиль армиясының Газа секторындағы шабуылдары салдарынан қаза тапқан палестиналықтардың саны 37 мың 202 адамға жетті.
Газадағы Палестина денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, тек соңғы 24 сағаттың ішінде израильдік әскерилер 3 рет шабуыл жасаған, соның салдарынан 38 палестиналық қаза тауып, 100 адам жараланған, деп жазады Anadolu.
Израильдің Газаға 250 күннен астам жасаған шабуылдары салдарынан жараланғандардың жалпы саны 84 932-ге жетті.
Қаза тапқандардың денелері әлі қираған ғимараттардың астында, жол жиектерінде жатыр. Жедел жәрдем және азаматтық қорғаныс топтары Израиль күштерінің кедергілерінен оларға жете алмай отыр.
Бұған дейін Израильді геноцидте айыптаған Халықаралық сот Тель-Авивтен Израиль шабуылдарының жалғасуы салдарынан 1 миллионнан астам палестиналық үйлерін тастап, пана тапқан Рафахтағы шабуылдарды дереу тоқтатуды талап еткен. 6 мамырда Израиль әскерилері Рафахқа құрлықтан шабуыл жасады.
Израильдің сегіз айдан астам уақытқа созылған шабуылдары қоршаудағы Газа секторының үлкен бөлігін қирандыға айналдырды. Израиль блокадасы салдарынан жергілікті халық қиын жағдайда қалған. Ол жерде азық-түлік, таза су және дәрі-дәрмек тапшы.